АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТ СЕССИЯСЫ ЖӘНЕ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

0
54

​Жергілікті билік пен өкілетті билік өкілдерінің арақатынасы мен бірлесе жұмыс жасауы сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етеді. Аудандық атқарушы орган ауданның барлық салаларының дамуына қатысты мәселелерді ұйымдастыру мен шешу арқылы жұмыстың орындалуын қамтамасыз етумен айналысса, жергілікті өкілетті орган саналатын аудандық мәслихаттың депуттаттар корпусының міндеті атқарушы биліктің жұмысының заң аясында жүргізіліп, маңызды мәселелерді шешуді халық өкілдерімен бірлесе қабылдап, бірлікте жұмыс істеу арқылы ауданның дамуын қамтамасыз ету болып табылады.

Шардарада сегізінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың кезекті ХХVI сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев пен аудандық мәслихат депутаттары, қала, ауыл әкімдері мен бөлім басшылары, мектеп директорлары қатысты.

​Жиынды жүргізіп отырған аудандық мәслихаттың хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев сессияның күн тәртібінде қаралатын жалпы 14 түрлі мәселемен көпшілікті таныстырып өтті. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – «Шардара ауданы әкімінің өзіне жүктелген қызметтер мен міндеттердің іске асырылуы туралы есебі» бойынша аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың есебі тыңдалып, депутаттар тарапынан атқарылған жұмыстарға оң баға берілді.

​Ауыз су, тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру, көшеге газ тарту сияқты мәселелерді қозғаған аудандық мәслихат депутаттарына аудан әкімі нақты дәлелдермен жауап қайтарып отырды.

​–Биылғы жылдың басында еліміздің батыс өңірлері тасқын судың зардабын шеккендіктен қаржылар сол аймақтарға берілді. Осындай белгілі себептермен бірер жобаларымыз кешеуілдеп жатқаны болмаса, жалпы жыл басынан бері көптеген маңызды шаруаларды жүзеге асырдық. Ауданның әлеуметтік-эккономикалық дамуы үшін алдағы уақытта да өздеріңізбен бірлесе еңбек ете беретін боламыз, – деді аудан әкімі Арман Романұлы.

​ Күн тәртібіндегі басқа да мәселелер бойынша, атап айтқанда «Алатау батыр ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген қызметтер мен міндеттердің іске асырылуы туралы есебі» бойынша Алатау батыр ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ақжаров, «Қосссейіт ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген қызметтер мен міндеттердің іске асырылуы туралы есебі» бойынша Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнар, «Жаушықұм ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген қызметтер мен міндеттердің іске асырылуы туралы есебі» бойынша Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Нұрсейітов, «Аудандық білім бөлімі басшысының 2024 жылы бөлімге жүктелген қызметтер мен міндеттердің іске асырылуы туралы есебі» бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева есепті хабарлама жасады. Депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға тиісті жауаптар қайтарылды. Күн тәртібінде мұнан басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Сонымен қатар, Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Қала мен ауылдық округтерден келген тұрғындар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді көтеріп, аудан басшысына өтініштерін жеткізді.

Қабылдауға алғаш болып жазылған қала тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі азамат Ерлан Смайылов көкөніс дақылдарын егу үшін 10-15 сотық болатын жер учаскесін алуға жәрдем сұрап, сонымен қатар көгілдір отынның кешеуілдеп жатқанын жеткізді,тағы бір азамат Баянсұлу Жүнісова анасы екеуі 2008 жылдан бері тұрған үй кезегіне қолдары жеткенін, енді оған қай уақытқа дейін арендалық өтемақы төлеу керектігін білгісі келетінін, сонымен бірге қала ішінде қатынайтын маршрутқа мүгедектігі үшін тегін жүру қарастырылса деген өтініштерін айтты. Сүткент ауылынан келген Айна Молдабекова үйіне көгілдір отын тартуға жәрдем сұраса, Қуанқұдық ауылынан келген Орынбасар Бозанов ауылға газ әкелу мәселесін көтерді. Қызылқұм ауылынан келген Қанатәлі Бегалиев өзекті деген бірнеше мәселені жазып әкеліп, аудан басшысының назарына ұсынды. Тұрғын үй кезегі жетіп тұрған Динара Жастаева ата-анасының үйінде үлескерлігі барлығы үшін баспана берілмей қалмай ма деген қаупін білдірсе, Тұйғын Қолдасова медбике мамандығын бітіріп келген қызына жұмыс сұрады. Клара Бөрібекова көшеге жарық тарту, Асылбек Қаныбеков балалар ойын алаңшасын салу секілді мәселелерді көтерді.

Жеке қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үйге қол жеткізу, жұмысқа орналасу, атаулы әлеуметтік көмек алу, үйге газ тартуға жәрдем беру сияқты өтініш-тілектерін айтып шықты.

Тұрғындарды асықпай тыңдаған аудан әкімі Арман Романұлы олардың мәселелерін заң аясында оңтайлы шешу жағын қарастыру үшін тиісті сала мамандарына тапсырма берді.

Жеке қабылдауға аудан әкімінің орынбасары, аппарат басшысы, бөлім басшылары мен қала, ауыл әкімдері қатысып отырды.