ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙІП, ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНГЕНДЕР МАРАПАТТАЛДЫ

0
90

Биылғы жылға арнаған Жолдауында «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал» деген Мемлекет басшысы еңбек адамын құрметтеудің  маңыздылығын атап айтты.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығымен Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбі күні «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленді.

Аталған мерекеге орай, Төлеби аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.

Мерекелік жиынға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров қатысып, ауданның жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп жүрген азаматтарға арналған ізгі тілегін жеткізді.

Еңбек өнімділігін ынталандыру, қарапайым жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру және оған жастардың назарын аударуға арналған жиында ауданның әлеуметтік -экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарға аудан әкімінің, аудандық мәслихат төрағасының Алғыс хаты мен Грамотасы табыс етілді.

— Еңбекпен есейіп, құрметке бөленіп, еліміздің өркендеуі жолында қызмет етіп жүрген барша аудан тұрғындарын тағы да мерекемен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс, зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!, деді құттықтау сөзінде аудан әкімінің міндетін атқарушы уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев .

Отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп, ауданның дамуына үлес қосып жүрген сала мамандарының құрметіне аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері мерекелік концерт өткізді.

Сол сияқты Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев төрағалық етіп, күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырды.

Төлеби ауданы аумағында 2024-2025 жылдарда қыс мезгілін қауіпсіз өткізу тақырыбына арналған басқосуда қысқа дайындық барысы талқыланды. Аудан аумағында жылыту маусымы жеті айға жуықтайтын елді мекендер бар екенін ескерсек, «кәрі құданың» қаһарына төтеп беру жан-жақты дайындықты қажет ететіні белгілі. Олай болса, қысқа әзірлік барысы қалай?

Бұл тақырыпта Төлеби ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Медетхан Шанбаев, «Ленгір су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Арнұр Ермекбай, «Жарық жол» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Асқар Тұртаев, «Оңтүстік жолдары» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Төлеби аудандық учаске басшысы Асқарбек Дарменов мекеменің қысқа дайындығы барысы жөнінде баяндама жасады.

Жиында әлеуметтік нысандардағы, көпқабатты үйлердегі жылу жүйелерінің дайындығы, орталық жылу қазандығының жылу беру маусымына әзірлігі жөнінде жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, төтенше жағдайлардың алдын алу және қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларға әзірлігі де сөз болды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Лесбек Әуезханұлы күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша жауапты мекеме және бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, қыс мезгілінде техникалық ақауларға жол бермеуді осы күннен бастап пысықтауға шақырды. Алты ай қыстың ақ бораны мен сары шұнақ аязы бейқамдықты көтермейтіні ескертіп, жылу беру бағытындағы барлық мәселелерді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Төлеби ауданы аумағындағы барлық елді «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акция аясында сенбілік жұмыстары өткізілді.

Айналаның санитарлық тазалығын сақтау жұмыстарына аудандағы жалпы кәсіпорындардың, қоғамдық, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен аудан тұрғындары, жалпы 800-ге жуық адам атсалысты.

Сенбіліктер — тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Айта кетейік, тазалық шарасында 16 техниканың көмегімен 14,7 тонна қоқыс арнайы аумаққа шығарылды.