ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

0
75

Түркістан облысында «Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыру үшін барлық сала бойынша жұмыстар жүргізілуде. Елдімекендерге сапалы инфрақұрылымдар тартылып, азаматтар жеке кәсібін ашып, оны табысты жүргізіп, сол сияқты мемлекеттік бағдарлама арқылы білім ордасының құрылысы жүргізілуде.Соның арқасында созақтықтар электр қуатымен қамтылып қуанышқа бөленсе, шардаралық азамат күріштен мол өнім алып табысқа кенелуде. Ал Сауран ауданында «Жайлы мектеп құрылысы бітуге таянған.

Созақ ауданы, Абай ауылында 35/10 кВ «Төртши» деп аталатын қосалқы станция іске қосылып, ауыл тұрғындары көптен көтеріп жүрген түйткілді мәселенің түйіні шешілді. Жаңа станцияны іске қосу рәсіміне аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Жаңа подстанцияны іске қосу арқылы Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің де электр энергиясы қуатын арттыру көзделгенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта ауданда халық сұранысына орай атқарылатын өзге де жобаларға жеке-жеке тоқталып, жоспарларымен бөлісті.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС техникалық қауіпсіздік қызметінің басшысы Мерей Төленбекұлы жаңа станцияның қуаттылығымен таныстырды.

Еске сала кетсек, өткен жылдың қаңтар айында Абай ауылына келетін 10 кВ құрайтын әуе желісі желдің өтіне қолайсыз орналасқанның салдарынан 13 шақырымдағы 200-ге жуық бағана құлап, тұрғындар бірнеше күн әуре-сарсаңға түсті. Орын алған жайттан соң тұрғындар электр желісін қолайлы бағытқа алмастыру жөнінде бірнеше рет мәселе көтерді. Бұған қоса Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінде электр энергиясы қуатының жетіспеуі сынды мәселелер де айтылып келді. Бұл бойынша аудан басшысы құзырлы мекеме басшыларымен өзара келіссөздер жүргізді.

Нәтижесінде Абай ауылы Шолаққорған-Созақ бағытындағы 35 кВ жоғарғы кернеулі әуе желісіне қосылды. 9,5 шақырымды құрайтын қашықтыққа 84 дана СВ164 маркалы бағаналар тұрғызылды. Ауыл маңынан қуаттылығы 1600 кВА сыртқы үлгідегі қосалқы подстанция салынып, іске қосылды. Тұрғындар жаңа станцияны «Төртши» деп атау жөнінде бірауыздан ұсыныс тастаған.

Шардара ауданы, Көксу ауылдық округінің тұрғыны, «Бағдат» шаруа қожалығының төрағасы Ералиев Аманәлі Киікбайұлы биыл 25 гектар жерге күріш дақылын еккен.

Диқан күріштің лазер және мустахиллық сорттарын егіп, гектарынан 70-75 центнердің арасында өнім алуда. Аманәлі Киікбайұлы жалпы

170-175 тонна өнім алуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Жерге жақсы қарап, бабын түсініп, еңбек етсең кез келген дақылдан мол өнім алуға болады. Келесі жылы 50 гектарға күріш ексем деймін. Алдағы уақытта күріш дақылын өңдейтін заманауи аппарат алып, дайын өнім шығару да ойда бар. Бұдан бөлек 10-15 гектар мақта, арпа,бидай, жоңышқа да егемін. Диқаншылық бұл берекелі кәсіп қой»- дейді А.Ералиев.

Ал, күріш өніміне қай уақытта да нарықта сұраныс бар дейді диқан.

Сауран ауданы, Иассы ауылдық округінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектептің инженерлік желілерінің құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімнің тапсырмасына сәйкес аталған жұмыстар қарқынды орындалуда. Бүгінгі таңда аумақта автотұрақ, аяқ жол, лоток, түнгі көше жарықтары және жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Нысанға тапсырыс беруші Сауран ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі болып табылады. Бүгін құрылыс жұмыстарын аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы барып қадағалап, бақылау жүргізді.

айлы мектептің инженерлік желілерінің құрылысын «Sunkar Building-A» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асыруда. Жобалаушы мекеме — «СЭТпромтех» ЖШС, ал техникалық қадағалаушы мекеме – «Жасыл Алем Сервис» ЖШС ЖШС тарапынан атқарылуда. Оқу орынның ауыз су құбыры, электр және байланыс желілері толығымен тартылып аяқталды. Алдағы уақытта аяқ жол, асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, 2 дана аялдама орнатылады. Ендігі кезекте түнгі көше жарықтарының жұмыстары жүргізілетін болады.