КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕНІҢ НАҚТЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтіп, мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналғанын да айтты. Тұрғындардың мұң-мұқтажы мен өтініш-тілектерін жергілікті әкімдер халықпен болатын кездесулерінде, сол сияқты жеке қабылдауларында тыңдап, заң аясында шешуге болатындарын рет-ретінмен шешу арқылы жұртшылықтың сеніміне ие болуда.
Халық пен билік арасындағы байланыс тығыз болуы қажет. Осы орайда, азаматтардың талап-тілегі, өтінішін назардан тыс қалдырмау мақсатында Төлеби ауданы әкімдігінде аптаның сейсенбі күндері аудан әкімі, орынбасарларымен бірге жеке қабылдау өткізеді.
Бүгін, аудан әкімдігі ғимаратындағы ашық кеңсе залында аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауға келгендер өздерінің алаңдатқан талап-тілектерін айтып, оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады.
Тұрғын үй кезегінде тұрған К.Төреқұлова мемлекеттен берілетін коммуналдық пәтерлердің кезектілігін жайында сұрап, сала мамандарынан кеңес алды. Ленгір қаласының тұрғыны О.Ахметова көпқабатты пәтерінің алдында коммерциялық нысан бой көтеріп жатқанын айтып, заңдылығын анықтауды өтінді. Қарақия елді мекенінен келген Ө. Ахметов бастаған бір топ азамат ағын су, жайылымдық жерлерге қатысты туындаған сұрақтарын қойып, шешу жолдарын бірлесе талқылады. Киелітас ауылдық округінің тұрғыны Г.Ташаев егістік мақсатындағы 27 га аумаққа еккен өнімін жылқы малы таптап жатқанына шағымданды. «Ленгір су» мекемесінің бұрынғы қызметкері А. Алжанова еңбек ақысына қатысты дау туындағанын айтып, көмек сұрады. Шатыртөбе елді мекенінен келген бір топ азаматтар балалар ойын алаңшасын орнатып, балабақшаға баратын балаларды тасымалдау, интернет, түнгі жарық, ауыз су сапасына қатысты мәселелер көтерді.
Алғабас елді мекенінің тұрғыны И.Садырбаева Бірлік көшесіне жолды асфальттауды өтінсе, Зертас ауылдық округінің тұрғыны Ө.Салыбеков ауыз судан туындаған мәселені сөз етті.
Қабылдауға барысында Лесбек Әуезханұлы мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін әр мәселеге жеке тоқталып, заң аясында шешу жолдарын нақтылап түсіндіріп, берген уәде бен іс үшін жауап берілетінін айтып, сала басшыларына хаттамалық тапсырмалар берді.