МАҚСАТ – АУДАН БЮДЖЕТІНІҢ КІРІС КӨЗДЕРІН ҰЛҒАЙТУ

Мемлекет басшысы өз Жолдауында бюджеттің кіріс көздерін ұлғайту мен салықтың дұрыс жиналуын қамтамасыз ету өңірдің, мемлекеттің дамуына елеулі әсер ететіндіктен осы бағыттағы жұмыстарға мән беруді тапсырған еді. Түркістан облысында жылдық жоспарлардың барлық түрлерінің орындалуын қамтамасыз ету әр өңір басшысының басты міндеті екені облыс басшысы үнемі ескертіп, нәтижелі жұмысты талап етіп отырады.
Қазығұрт ауданы әкімдігі ғимаратында аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске Қазығұрт аудандық Полиция бөлімінің басшысы Алмас Серікбаев, Қазығұрт ауданы прокурорының орынбасары Серғазы Кузеров, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы мен қызметкерлері, ауыл округі әкімдері, бөлім басшылары мен тиісті мекеме басшылары, сот орындаушылары қатысты.
Аталған жиынның күн тәртібінде өзекті 1 мәселе көтерілді:
1. Аудан бюджетінің кіріс көздерін ұлғайту және берешек қарыздарды өндіру туралы.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мұрат Сапиев баяндама жасады. Баяндамашыға және көтерілген мәселеге жауапты мамандарға сұрақтар қойылып, жауап берілді.
Мәжіліс барысында көтерілген мәселе жан-жақты талқыланып, Азизхан Азимханұлы өзінің нақты ұсыныстарын айтып, тапсырмаларын берді. Атап айтқанда, көтерілген тақырыптың өзекті екенін ескертіп, салықтың уақытылы төленуін қадағалауды тапсырды. «Салық – қазына, төлеу – парыз» деп атап өтіп, тұрғындарға дұрыс бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізуді күшейту керегін айтты. Жиынға қатысып отырған сот орындаушылары мен салық қызметкерлерін аудан бюджетінің кіріс көздерін ұлғайту және берешек қарыздарды өндіру жолында бірігіп жұмыс жасауға шақырды. Сонымен қатар, мәжіліске қатысушы барша қызметкерлерге ел үшін жасап жатқан қызмет ортақ міндет екенін ескертіп, осы бағытта берілген барша тапсырмаларды уақытылы әрі тиянақты орындауды міндеттеді. Олай болмаған жағдайда тиісті шаралар қолданылатынын ескертті.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың жұмыс жоспарына сай әкімдік жиыны өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, аумақтық мекеме басшылары, аппарат қызметкерлері, ауыл округі әкімдері, дербес бөлім басшылары мен тиісті мекеме басшылары қатысты.
Аталған жиынның күн тәртібіне 2 мәселе қойылды:
1. Аудандық жер қатынастары бөлімінің атқарған жұмыстары және алда тұрған міндеттері туралы;
2. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласында үшжақты келісімшарттың орындалуы туралы.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы С.Әлсейітов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Қалдыкөзовтер баяндама жасады. Баяндамашыларға сұрақтар қойылып, тиісті жауап берілді.
Мәжіліс барысында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, Азизхан Азимханұлы өз ұсыныстары мен нақты тапсырмаларын берді. Мәжіліс соңынан күн тәртібіндегі мәселелер бойынша әкімдік қаулысы қабылданды.
Сонымен қатар, әкімдік ғимаратының мәжіліс залында аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың төрағалығымен Қазығұрт ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы және кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының бірлескен отырысы өтті. Атаулы мәжіліске Қазығұрт аудандық Полиция бөлімінің басшысы Алмас Серікбаев, Қазығұрт ауданы прокурорының орынбасары Серғазы Кузеров, комиссия төрағасы мен орынбасарлары, комиссия мүшелері, тиісті мекеме қызметкерлері қатысты.
Комиссия мәжілісінің күн тәртібінде өзекті 4 мәселе қаралды.
1. Кәмелет жасына толмағандармен және оларға қарсы жасалған қылмыстар, суицид және ерте жүктіліктің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы;
2. Жол көлік оқиғаларының профилактикасы, оның ішінде адам өліміне алып келген оқиғалардың алдын алу туралы;
3. Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік құқықтық көмек көрсету туралы;
4. Күзгі әскерге шақыру жұмыстарының барысы туралы.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті бөлім, мекеме басшылары мен қызметкерлері баяндама жасады. Баяндамашыларға сұрақтар қойылып, жауап берілді. Мәжіліс барысында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып аудан басшысы нақты тапсырмаларын берді.