ӨНЕГЕЛІ ҰСТАЗДАР ОТБАСЫ ЖЕМІСТІ ЕҢБЕК ЕТІП КЕЛЕДІ

Қай кезде де шәкіттің білімді де тәрбиелі болуы ұстазына байланысты. Себебі мұғалім баланы балабақшадан қабылдап алғаннан бастап бұғанасы бекіп, миы толысып үлкен өмірге аттанғанға дейін, ең өмір танып, ғылым біліп, қоршаған ортаны бағамдап адамдық қасиеттердің мәнін түсініп білетін кезінде оқытып-тоқытады. Жасөспірім сол мұғалімі қалай өсірсе солай өсетін жас шыбықтай болғандықтан болашақта бәйтерекке айналуы ұстазына да байланысты.
“Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” деген жақсы бір сөз үнемі жас ұрпақ тәрбиелеумен бірге жас мұғалімдерге де білмегенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп отыратындығын меңзесе керек. Сарыағаш өңіріндегі осындай ұлағатты ұстаздар әулетінің бірі – Дүйсебаевтар отбасы.
Ерлі-зайыпты Абдумүтәліп Дүйсебаев пен Ажар Жасұзақова отыз жылдан артық білім беру саласында жемісті еңбек етіп келеді.
Абдумүтәліп Дүйсебаев пен Ажар Жасұзақова 1989-1994 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық институтында оқып, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. 1992 жылы отау тігіп, бүгінде жарқын өмір құндылықтарын көпшілікке үлгі етіп отыр. 1994 жылы Қапланбек ауылдық округіндегі №7 Төле би атындағы жалпы білім беретін мектебінде ең алғашқы еңбек жолдарын бастайды. Ұлы көшін соңынан ерткен ерлі-зайыпты ұстаздар әлі күнге аталмыш білім ұясында табан аудармай қызмет атқарып келеді.
Педагогика бағытында 30 жылдан аса еңбек етіп жатқан ерлі-зайыпты мұғалімдер білім беру саласына еңбегі сіңген ұстаздар деп айтуға әбден болады. Ұстаздық қызметте арнайы төс белгілермен наградталып, құрмет грамоталары, алғыс хаттармен марапатталған. Сонымен қатар, отыз жылдан астам бірге түтін түтетіп, 5 ұл-қыздан 10 немере сүйіп отыр. Ең қызығы, ұл-қыздары да ата-анасының ізін жалғап, ұстаздық мамандығының тұтқасын ұстады.