ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ ФОРУМ ӨТКІЗІЛДІ

Түркістан облысында жастар тәрбиесіне ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі кезде ғасыр дертіне айналып келе жатқан нашақорлық, есірткі құмарлық, лудомания, тағы басқа да жастардың бұзылуына, тағдырының тәлкек болуына соқтыратын келеңсіздіктерге қарсы күресу, оларға жастардың жеккөрушілігін, төзбестігін қалыптастыру арқылы ондай жамандықтардың түбіріне балта шабу шаралары жасалынуда. Бүгіні таңда облыс бойынша құқық қорғау органдары, жергілікті әкімдіктер, білім бөлімдері мен жастар ұйымдары, басқа да қоғамдық ұйымдар да қосылып есірткіге қарсы ірі іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Төлеби аудандық Мәдениет үйінде аудандық полиция бөлімінің, аудандық прокуратураның бірлескен бастамасымен аудан әкімдігінің қолдауымен «Нашақорлыққа жол жоқ, біз өмірді таңдаймыз!» форумы өтті.
Қоғамның назарын осы мәселеге аудару және нашақорлықпен бірлесіп күресу мақсатындағы жиында алғашқы сөз алған аудандық полиция бөлімінің басшысы Бауыржан Зиятаев, аудан прокуроры Дастан Мырзағали нашақорлық — қазіргі қоғамның қасіреті және ең өзекті проблемаларының бірі екенін атап өтіп, есірткіге қарсы күреске бағытталған жұмыстардың барысы туралы баяндады.
Іс-шарада «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбында есірткі қылмысына қарсы атқарылған жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар туралы бейнероликтер көрсетілді. Жастарға тәрбиелік мәні бар бейнебаянда жас өмірдің есірткіге тәуелді болмау қажеттігі, оның денсаулығы зор зиян келтіріп қана қоймай, өмірі қайғылы аяқталатыны көрсетілді.
Еліміз де есірткіге қарсы күресте мемлекеттік саясат жүргізіп, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жұмыстарын белсене жүргізуде. Болашағымызға балта шабатын қауіпті індетке қоғам болып күресу қажет. Жастар мен балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткізілген форумда аудандық «Жастар орталығының» басшысы Беглан Мақұлбек арнайы сөз алып, мемлекетіміз ұстанған саясаттың басым бөлігі жастарды жан-жақты қолдап, еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпаққа аса сенім артуға бағытталғанын атап өтті.