ОТЫРАР ӨНЕРПАЗДАРЫ ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ КОНЦЕРТ ӨТКІЗДІ

0
72

Мемлекеттің мықты да өркениетті болып, қарқынды дамуына азаматтарының биік рухты болуының да үлкен әсері бар. Жалық өзінің тамырын сезініп, ұлттық рухынан нәр алып, мідениеті мен өнерінен, салт-дәстүрінен күш алып ұлттық кодын сақтай білсе ғана ол халық мықты бола алады. Біздің халқымыздың рух берер асылдары әдебиетіміз, өнеріміз бен мәдениетімізде. Сондықтан да Түркістан облысында екінші жыл «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі ұйымдастырылып, биік деңгейде өткізілуде. Әр өңір фестикаль өткізген сайын ұлттық ортақ құндылықтарымыз бен салт-дәстүр, ұлттық спортымызды, басқа да құндылықтарымызды көрсету арқылы, әр өңірдің жалпыұлттық қасиеттерін ашу арқылы халықтың рухын жаңғыртып, еңсесін көтере түсуде.
Түркістан қаласында отырарлық өнерпаздар өнер көрсетті. «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен гала-концертке ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен күмбірлеген күй, мың бұралған би де көрініс тапты.
Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов сөз алып, қасиетті қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.
– Ежелден «Ұлылардың Отаны» саналған киелі Отырар өңірі өзінің көптеген талантты, дарынды перзенттерімен мақтана алады. Кешегі ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби мен рух сардары Өзбекәлі Жәнібеков, тіл жанашыры Өмірзақ Айтбайұлы, Әлем ақыны Мұхтар Шаханов, ән падишасы Шәмші Қалдаяқов, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов, айтыстың ақберені Тәушен Әбуова, халық ақыны Әселхан Қалыбекова секілді тұлғалар сөзіміздің дәлелі болары анық. Бүгінде ұлы тұлғаларымыздың ізін басып келе жатқан талантты жастарымыз да аз емес. Бүгінгі Отырар ауданының мәдениет күндері аясында «Киелі Отырардан – қасиетті Түркістанға» рухани керуен көші Түркістан қаласына келіп отыр. Алдағы екі күн бойы отырарлық өнерпаздардың концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылып, қолөнер және қылқалам шеберлерінің көрмесін тамашалап, ежелгі көшпенділер мәдениетімен танысып, қазақ халқының тұрмыстық әдет-ғұрпы көріністеріне куә боласыздар. Осынау шарада баршаңызды отырарлық өнерпаздардың өнері мен ұлттық құндылықтарымыздың жаңғыруына куә болып, рухани сусындап қайтуға шақырамын, – деді.
Кеш барысында сатира сардарлары Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшора, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков пен айтыс ақтаңгері Анар Жаппарқұлова және ән өнерінің жұлдыздары Хадиша Шалабаева, Берік Сексенбек, Ермахан Әшіров арнайы қонақ болып, «Бақыт айдынында» бишілері, «Бастау» тобы мен «Қыздар» триосы және тағы басқа аудан өнерпаздарымен бірге өнер көрсетті. Кешті белгілі журналист Қайырхан Мәулен мен Гүлімқұлжа Сейтқазы жүргізді.
Сонымен қатар, бүгінде облыс көлемінде ерекше балаларды қолдаудың түрлі жобалары іске асырылуда. Осы орайда, Түркістанда «Жұлдызды сәт» мега-жобасының қорытынды концерті өтті.
Қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға неврологиялық сырқаты бар балалар қатысып, өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ концертте көрермендерге қолөнер көрмесі ұсынылып, арнайы театрландырылған сахналық қойылым көрсетілді.
Одан бөлек, келушілер назарына «Жігерлі жандар» мотивациялық деректі фильмі ұсынылды. Сонымен қатар, жобаға қатысушылар мен ата-аналар арасында этно-модерн стиліндегі сән көрсетілімі ұйымдастырылды.
Аталған шараға қатысушыларды қолдап Шымкент қалалық 19-шы мүгедектігі бар жандарға арналған спорт мектебінің спортшылары «Шексіз» би композициясын көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді.
Жобаға Кентау қаласы Келес, Сауран аудандарынан келген ерекше қажеттілігі бар 200-ге тарта балақай жиналды. Жұлдызды жобаны тележурналист, продюсер Асхат Садырбай жүргізіп, белгілі эстрада жұлдызы Бейбіт Кушкалиев сахна төрінде әсем ән шырқады.
Жиында қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев сөз сөйлеп, бүлдіршіндерге шаһар басшысының арнайы сыйлықтарын табыстады.