КЕЛЕСТЕ КӨПШІЛІККЕ ТАНЫМАЛ СЫНЫҚШЫ — ҰСТАЗ БАР

0
117

Түркістан облысында мамандығын жетік меңгеріп, жас қрпаққа білім мен тәрбие беруде ісімен үздіктер қатарынан көрініп жүрген ұстаздар аз емес. Сонымен қатар кейбір ұстаздар өздерінің негізгі мамандығына қосымша басқа да ерекшеліктерімен танымал. Келес ауданы №8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Абдулатип Рахимбаев төрт түлік малға да сынық сала беретін кәнігі сынықшы.
Сынықшылық-сирек мамандық. Ондай адамдар арнайы білім, оқу орындарында оқымай-ақ сүйегі сынған адамарды емдеудің ғажап өнері мен құпиясын толық игерген адамдар болатындығы ғылымда талай рет дәлелденген. Міне, ұстаздықпен қоса сынық салып, көпшілік алғысына бөленіп жүрген жанның бірі — Абдулатип Халикович.
Ел ішінде дене, сүйек жарақатын алушылар жиі кездеседі. Осындай ауыр жараланғандарды емдеп, жазып шығару оңай шаруа емес. Сынған мүшелерді сырттай сипап отырып, уатылып кеткен сүйектерді орны-орнына салып, емдейтін сынықшы-ұстаз Абдулатип ағамыз:
— Сабақтан тыс уақытта үйге он бес-жиырмашақты адам іздеп келіп жатады. Оның ішінде жараланған жылқыларын әкелетін көкпаршылар да бар. Сынықшылық негізінен тұқым қуалайтын емшілік түрі. Өзімнің әкем де сүйек, буын, сынған жерлерді орнына келтіретін сынықшы болған.
Жалпы сынықшы дегеніңіздің өзі — дәстүрлі әдістермен, қолмен сүйектерді түзетіп, емдейтін, қасиет дарыған адам ғой?! Халық іздеп келген соң олардың бәріне қолұшын беруге тырысамын. Сүйектері сынып, шығып, аяқ-қолы тайып, жүре алмай келген талай жанды қатарға қостым. Балаларға денешынықтырудан сабақ бергенде де, оқыс жағдай орын ала қалса, алғашқы көмекті қалай беру керектігін үйретемін, — дейді.
Жиырма жылдан бері балаларды салауатты өмір салтына баулып жүрген А.Рахимбаев, бүгінде педагог-сарапшы біліктілік санаты бар ұстаздардың бірі. Оның жаттықтырған шәкірттері бүгінде түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда жүлдегер атанып жүр. Айта кету керек, талантты ұстаз отбасында 3 ұл мен 1 қызды тәрбиелеп отыр. Сынықшы ұстазға деген елдің де ықыласы ерекше.