ҰСТАЗ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ МАРАПАТЫН АЛДЫ

“Ұстаздар” күнінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтты.
– Менің тапсырмаммен «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл құжат ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға ықпал етті. Қазір мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы айтарлықтай көбейді. Олар негізгі қызметіне кедергі келтіретін артық міндеттерден босатылды. Осы заңға сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл – жай атақ емес, мәртебелі мемлекеттік награда. Оның иегеріне қомақты сыйақы беріледі. Республика бойынша 46 мұғалім осы наградаға ие болды. Сондай-ақ қазір ұстаздарға академиялық дәрежесіне сәйкес үстемеақы төленіп жатыр. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Биыл болашақ ұстаздарды даярлау үшін 16 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде шамамен 1800 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл – өте жақсы үрдіс, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Ақорда төрінде еліміздегі үздік ұстаздарды қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың қатарында Түркістан облысы, Ордабасы ауданының «Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының» ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Абибулла Жакудаев та бар. Педагогика саласында 40 жылдан астам еңбек еткен ұстаздың оқушылары халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен жарыстарда үздік болып, қалаған мамандықтары бойынша білім шыңын бағындырып, бүгінде Түркістан облысын көпке танытып келеді. Білім саласына өлшеусіз үлес қосқан ағартушы ұстаз, бұл күні Мемлекет басшысының қолынан “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” төсбелгісімен марапатталды.
1994 жылдан бері әлемнің 100-ге жуық мемлекеті атап өтетін «Ұстаздар күні» мерекесі шағалалы Шардара ауданында да жоғары деңгейде өткізілді.
Аудандық мәдениет үйінде өткен «Ұстаз — ұлы тұлға» атты іс-шарасына аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысты:
Салтанатты шара ауданнан шыққан даңқты түлектердің бейнеқұттықтауымен басталып, оқушылар ыстық лебіздері мен өнелерін ортаға салды. Кеште залдағы ардагер ұстаздарға гүл шоқтары үлестірілді.
«Ұстаз – ұлы ұғым. Өйткені, сөз бастайтын ақын да, ғалым да, қол бастайтын батыр да ұстаздың тәрбиесін алып, мейірім-шапағатына бөленіп өседі. Сіздер тек қана білім нәрімен сусындатушы ғана емес болашағымыздың негізін қалаушысыздар. Сондықтан, сіздерге қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді. Мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті ұстаздар! Сіздерді барша аудан халқының атынан құттықтаймын» — деген аудан әкімі еңбегімен еленіп, білім беру ісінде толағай табыстарға жетіп жүрген ауданның ұстаздарын Алғыс хаттармен марапаттап, бірқатар ұстазға облыс әкімінің атынан келген марапаттарды да тапсырды.
Аудан әкімінің марапатынан соң «Саз» мектебінің күйшілері өнерлерін паш етті.
Шара барысында облыстық білім басқармасы, министірліктен келген өкілдер құттықтау сөз сөйлеп, бірнеше ұстазды «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ, бірқатар ұстаздар аудандық мәслихат төрағасы, «Amanat» партиясының марапаттарына ие болып, құрметке бөленді.
Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздары, ұстаздар мен мектеп оқушыларының мерекелік концертімен қорытындыланды.