ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 100 МЫҢНАН АСА ӨТІНІШ ТҮСКЕН

0
71

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан құру туралы үнемі айтып келеді. Биылғы Жолдауында «Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді.
Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады.
Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда» деп елімізде заң мен тәртіп үстемдігіне негізделген жаңа қоғамды қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жандандыра түсудің маңыздылығын атап көрсетті. Бастамасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен басталып, одан әрі азаматтар мен атқарушы билік арасындағы қарым-қатынастың формальдылықтан нақтылыққа көшуіне мүмкіндік ашатын әкімдердің тұрғындар алдында шынайы есеп беруі мен жеке қабылдаулар арқылы өрбуін жалғастыруды тапсырды. Сол сияқты әкімдіктерде арнайы кестеге сәйкес өтетін «Ашық есік» акцияларында тұрғындардың жергілікті әкімдер мен орынбасарларына алдын ала жазылусыз сол күні кіріп, қабылдауында болып өз проблемаларын тікелей жеткізу мүмкіндігі берілді. Билік пен халықтың өзара қарым-қатынасын реттейтін тағы бір тетік «109 Бірыңғай байланыс орталықтарына» тұрғындардың проблема, ұсыныс-тілектері мен арыз –шағымдарын хабарлау мүмкіндігі.
Жоғарыдағы биліктің жергілікті атқарушы органдарының тұрғындар алдында есеп беруі, жеке қабылдаулар арқылы көтерген мәселелерін тыңдап, оларды орындауы, ашық есік күндері және Бірыңғай байланыс орталығы арқылы түскен арыз-өтініштер мен ұсыныстарға жауап беріп, заң аясында орындаулары міне, осының барлығы да Қазақстанда мемлекет пен халықтың арасындағы байланысты нығайтып, қарым-қатынастардың мәдениетін сақтауға алып келе жатыр. Бұның нәтижесі халықтың билікке сенуі мен биліктің халық үшін жұмыс істеуі болмақ. Ал ондай билігі мен азаматтарының арасында сенім мен билігінің халық мүддесі үшін қызмет жасауы мемлекеттің қарқынды дамуы мен іргетасының берік болуына жеткізеді.
Түркістан облысы бойынша 109 Бірыңғай байланыс орталығына жыл басынан бері 100 837 өтініш, ұсыныс келіп түскен. Орталыққа өтінімдердің 97%-ы қоңырау шалу арқылы және 3%-ы әлеуметтік желілер (Whatsaap, Instagram, Telegram, Facebook) арқылы жоданған. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды. Өңір басшысы халықпен байланысты нығайту, өтініштерге дер кезінде жауап беруді тапсырды.
– Байланыс орталығына түскен әрбір өтініш мұқият қадағаланып, бақылауға алынуы тиіс. Бұл істі сапалы атқара алмай отырған аудан, қала әкімдіктері жұмысты ширатсын. Өзекті, кезек күттірмейтін мәселелерді созбалаңға салуға болмайды. Байланыс орталығының жұмысын жетілдіріп, жүйелей түскен жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиын барысында Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысы Марат Айнабеков баяндама жасады. Оның айтуынша, өңір тұрғындары күнделікті коммуналдық-тұрмыстық, білім, әкімдік қызметтер бойынша өтініш түсіреді. Басқарма басшысы шағымдарға тиісті мекемелермен берілген жауапты смс-хабарлама ретінде тұрғындарға жолдауды ұйымдастыру, аудан, қала әкімдіктерімен түскен өтінімдердің уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету және тұрғындар арасында 109 бірыңғай байланыс желісін кеңінен насихаттау шараларын жүргізу сынды бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Талдау нәтижесінде 9 айдың қорытындысы бойынша өтініштер 13 пайызға төмендеп отыр. Негізінен Түркістан және Кентау қалалары мен Төлеби ауданынан қоңыраулар көп түседі. Ал өтінімдердің ең азы Сарыағаш, Созақ, Отырар, Мақтаарал аудандарына тиесілі. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша да 20 маусымнан бері 500-ге жуық өтінім келіп түскен.
Айта кетейік, 109 Бірыңғай байланыс орталығы Түркістан облысы тұрғындарының өтініштерін қабылдап, жауапты басқармаларға немесе аудан, қала әкімдіктеріне, сонымен қатар жауапты бөлімдер мен мердігерлерге жолдап, өтініштердің толық, сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді.