ӘКІМ БАҚ ӨКІЛДЕРІН ҚАБЫЛДАП, ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ ФОРУМДЫ АШТЫ
Бұқаралық ақпарат құралдары «төртінші билік» аталып ел дамуына, қоғамдағы өзерістер мен проблемаларға белсене араласып, халық мүддесі мен билік мүддесінің сәйкес келуіне қызмет етіп келеді. Түркістан облысы республикадағы Бұқаралық ақпарат құралдары ең көп аймақтардың бірі. Сондықтан да журналистер қауымы жергілікті билік пен халықтың арасындағы дәнекер, халық үнін жоғарыға жеткізушілер.
Таяуда Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова өңірімізге белгілі БАҚ өкілдерімен кездесті. Еркін форматта өткен жүздесуде дәстүрлі медиа саласын дамыту, оның ішінде жергілікті аудан-қалалық телеарналар мен газеттердің жұмысына қолдау көрсету, қоғамдағы беделін арттыру және алдағы міндеттерді бірлесіп шешу жайы талқыланды. Құрметті қонақтар сапында Қазақстан Журналистер одағы, Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Мәлік Дәулетов, «Дидарбек» ақпарат агенттігінің директоры Әсет Әссанди, «Түркістан» медиа холдингінің директоры Жанахмет Ағыбаев, «Қазақ радиосының» журналисті Ерсұлтан Әмірбек, Ардагер журналист, ХКТУ-нің професоры Бекжігіт Сердәлі сынды медиа саласының майталмандары бар.
Жиында шаһар басшысы БАҚ саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, дәстүрлі медианы қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Алдағы уақытта да жергілікті ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырыла беретінін жеткізді.
«Біздің қаламызда 90 жылдық тарихы бар «Арыс ақиқаты» газеті мен «25 жылдан бері қала тарихын таспалап келе жатқан «Арыс толқындары» телеарнасы жұмыс жасайды. Бүгінгі жиында айтылған ұсыныс-пікірлеріңіздің барлығы қаралады. Халық пен билік арасындағы алтын көпір болған журналистерге қолдау жалғаса береді», — деді қала әкімі.
Кездесу барысында журналистика саласының ардагері, профессор Бекжігіт Сердәлі Арыс қаласының журналистерді даярлауда аймақтық «ұстахана» екенін атап өтті. Ол сондай-ақ, өзі қызмет қылатын университетте арыстық жастардың салаға деген қызығушылығын арттыру мақсатында грант бөлуге ықпал ететінін жеткізді.
Ал, «Хабар» арнасының Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі Жандос Жұмабек жергілікті журналистерге тәжірибе алмасу семинарларын өткізуді жоспарлап жатқандығын айтты.
Жемісті өткен кездесуде БАҚ пен жергілікті билік арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жұмыстарды жандандыру жайы келісілді.
Арыс қаласында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мәселелеріне арналған «Нашақорлық – қауіпті індет, алдын алу бәрімізге міндет» тақырыбында форум өтті. Форумға құқық қорғау органдары, прокуратура өкілдері мен белсенді жастар мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Шараның шымылдығы «Нашақор» атты театрландырылған сахналық көрінісімен ашылып, есірткінің зардабын тартқан жас пен оның отбасының өкінішке толы өмірі сахналанды. Өмірінің соңын қайғылы жағдайға жеткізген нашақорлықтың зиянын баяндаған әсерлі оқиға көрермендерді бейжай қалдырмады.
Форумның ашылуында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова арнайы сөз алып, жас ұрпақты салауатты өмірге үндеген шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Әкім жастарды денсаулықты сақтап, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеді.
Арыс аудандық сотының төрағасы Сапархан Омаров, аудандық прокурордың орынбасары Темур Әбдірахманов және аудандық полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Қуатов өз кезегінде нашақорлықтың құқықтық аспектілері мен оны жою жолындағы мемлекеттік шаралар туралы баяндады. Олар нашақорлықпен күресте заң талаптарының күшеюін және құқықтық жауапкершіліктің артуын ерекше атап өтті.
Форум барысында отбасылық зорлық-зомбылық тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, есірткі заттарының зияны тек жеке тұлғаларға ғана емес, қоғамның барлық салаларына қалай әсер ететіндігі тереңірек түсіндірілді.
Арыс қаласының бас имамы Қажымұқан Қазыбаев форумға қатысушыларға имандылық пен рухани тәрбие туралы айтып, жастардың өмірінде дұрыс бағытты таңдаудың маңыздылығына тоқталды. Имам нашақорлықтың рухани құндылықтарды жоюға апаратынын атап, жастарды ішкі рухани қуатын арттыруға шақырды.
Іс-шара барысында жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер орындап, қатысушыларға рухани серпіліс берді. Жиын соңында тиісті құрылымдар алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Нашақорлықтың алдын алу үшін ұсыныстар білдіріліп, нақты тапсырмалар жүктелді.