АРЫСТЫҚТАР ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАУДА

0
60

Бүгін республика аумағында ел болып күткен референдум өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен АЭС құрылысын салу бүкіл халықтың талқысынан соң жалпыұлттық референдуға шығарылып отыр. Арыс қаласындағы 1 аумақтық және 34 референдум учаскесінде 44 072 азамат өз таңдауын жасай алады. Референдум учаскелерінде қауіпсіздік шаралары санитарлық нормаларға сай ұйымдастырылған. Тұрғындардың қатысу белсенділігі де жоғары деңгейде.

Қазақстан бойынша маңызды саяси шара – АЭС құрылысы бойынша референдумда арыстықтар белсенділік танытып, өз таңдауын жасап жатыр. Олардың ел болашағына бейжай қарамай, жауапкершілікпен қатысып жатқанын көптеген мысалдардан көруге болады.

Соның бірі – Ақдала ауылының тұрғыны, республикалық Батагөй қария байқауының жүлдегері Жолдасбек Тұрманбетов. Ардагер ұстаз немересімен бірге референдум учаскесіне келіп, елдің болашағы үшін маңызды шешім қабылдау мүмкіндігін пайдаланғанын айтты.

«Біз, үлкендер, болашақ ұрпақ үшін жауаптымыз. Бұл референдум тек біз үшін емес, немере-шөберелеріміз үшін де маңызды. Мен немеремді ертіп келу арқылы оған азаматтық борышты орындау мен ел тағдырына бейжай қарамауды үйреткім келді. Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда», – деді Жолдасбек ата өз ойын бөлісіп.

Арыс қаласының тұрғындары өз отбасыларымен бірге сайлау учаскелеріне келіп, референдумға белсене қатысуда. Олар еліміздің энергетикалық болашағына әсер ететін осы шешімнің маңыздылығын түсініп, өз таңдауларын жасап жатыр.

«Арыс футбол клубы республика көлемінде өтіп жатқан референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Клубтың директоры Ерқазы Медетбеков бастаған спортшылар бұл маңызды саяси оқиғадан шет қалмай, азаматтық борыштарын атқаруды дұрыс деп тапты.

«Біз спортшылар ретінде тек алаңда ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді болуымыз керек. Әрқайсымыздың дауысымыз ел болашағын анықтауға үлес қосады», — деді спортшылар.

Арыс қаласына қарасты Байырқұм ауылдық округінде тұратын 7 баланы тәрбиелеп өсірген батыр ана Роза Жұманова өз таңдауын жасады.

«Бірлік түбі – береке» деген. Ертемен сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасап, саяси науқанға атсалысып жатқан ауыл­дастарыма ең алдымен ризашы­лы­ғымды білдіремін. Бұл сайлау бәріміз үшін маңызды. Өйткені еліміздің, өзі­міз тұратын ауылдың келешегі үшін маңызды қадамдар жасалуда» — дейді алтын құрсақ ана.

Байырқұм ауылындағы №28 Референдум учаскесіндегі маңызды шара жоғары деңгейде өтіп жатыр. Тұрғындар өз таңдауын жасауға асығып, ауылдың береке-бірлігі мен тату-тәтті тірлігінің көпке үлгі екенін дәлелдеуде.

Арыста мүгедектігі бар азаматтар референдумға инватакси қызметін пайдалануда

Мүгедектігі бар азаматтар да ел болашағына бей-жай қарамай, дауыс беруге өз үлестерін қосуда. Қаладағы инватакси қызметі ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың сайлау учаскелеріне еш қиындықсыз жетуін қамтамасыз етуде.

Инватакси қызметін пайдаланушылардың бірі Алиев Абайбек қоғамның әрбір мүшесінің пікірі маңызды екенін айтып, осындай мүмкіндіктердің барлығы үшін алғыс білдірді. Ол референдумға қатысу өзінің азаматтық борышы екенін атап өтті. Жергілікті билік пен сайлау комиссиясы да инклюзивті жағдайлар жасап, мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруін жеңілдету үшін барлық шараларды қолға алды.

Қаламызда ұстаздар династиясын құрған ардақты әулеттер аз емес. Сондай отбасылардың бірі — Назаровтар мен Балғымбаевтар әулеті саяси науқанға отбасымен келді. Әулет басшысы Нұрбақыт Назаров өмірлік жары Исакова Роза, ұлдары Айбек Нұрбақытұлы бірге білім саласында еңбек етеді. Осындай өнегелі отбасының сайлауда төбе көрсетуі де – кейінгі жастарға үлгі. Талай шәкірттің шамшырағына айналған ұлағатты ұстаздар әлі де мұндай маңызды шарадан шет қалмай жастарға өнеге болуда.

– «Ел ішінде өте маңызды саяси науқан болып жатқанда өз таңдауыңды жасауға асықпау – азаматтық парызды орындамау» деп білемін. Мен осы жасыма дейін елдегі елеулі істерден тыс қалған емеспін. Өйткені мен үшін елдің ертеңі маңызды, – дейді отағасы.