КЕНТАУДА БАСПАНА ТҮРҒЫЗЫЛЫП, КЕЛЕСТЕ ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС ҚҰЛАТЫЛУДА

0
82

Мемлекет басшысы өзінің әр Жолдауында қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды, өмір сүру деңгейін көтеруді айтып, осы бағыттағы мемлекеттік жобалар мен бағдарламалар арқылы баспана құрылысының қарқынын өсіріп, баспана алуға қатысты жеңілдіктерді қолдана отырып тұрғындарды үймен қамтамасыз ету тапсырып келеді. Соның арқасында Түркістан облысында да баспана құрылысының қарқыны жақсы. Кентау қаласы Ш.Уәлиханов көшесінде 5 қабатты 60 пәтерлі бір тұрғын үй мен 3 қабатты 30 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Қала әкімі Жандос Тасов құрылыс барысын аралып, жұмыс жүйесін бақылады. Құрылыс жұмысын жүргізуші мердігер мекемелерге сапалы құрылыс пен уақытылы жұмыстың жүргізілуі маңызды екенін ескертті. Жауапты сала басшысына ұдайы қадағалап отыруды тапсырды.

Бүгінгі таңда 5 қабатты көпқабаты тұрғын үйдің жоғарғы қабатты қалау жұмыстары аякталуда. Ал, қалған қабаттарда әрлеу және сантехникалық жұмыстары аяқталған. 3 қабатты екі үйдің бірінде шатырды жабу жұмыстары басталса, екіншісінде әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, өз иелеріне табысту жоспарланған.

Ал, Келес ауданында заңсыз құрылыс нысандары бойынша кешенді шаралар атқарылып келеді. Нақтырақ айтсақ, аудан орталығы Абай ауылын қиып өтетін республикалық А-15 автожолының бойындағы 14 нысан заңсыз салынғаны анықталып, сот шешіміне сәйкес нысандар бұзылды.

Осы орайда Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тиісті сала мамандарымен аталған жол жиегіндегі нысандардың сыртқы қасбетін ретке келтіру, қоғамға кері әсерін тигізіп тұрған құрылыс нысандарын ретке келтіру мақсатында Абай ауылының ішкі көшелерін аралап шықты. Жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеліп, кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізді.

– Абай ауылы о бастан тарихи, құт қонған мекен. Мұндағы халықтың еңбекқорлығы өз алдына бөлек әңгіме. Алайда Бауыржан атамыздың «Тәртіпсіз – ел болмайды» деген тәмсілін қолдана білуіміз қажет. Мұнда 25 мыңға жуық халық тұрса, күнделікті сырттан 10-15 мыңға жуық тұрғын келіп кетеді. Олардың көзіне бірден түсетін сіздің кәсіпкерлік нысаныңыздың сыртындағы көрнекілік құрылғылар. Неше жылдан бері ауыспағаны көрініп тұр. Үйімізді қалай таза ұстасақ ауылымызды да таза, әдемі ұстауымыз керек. Себебі, бұл ауыл біздің үйіміз, – деді аудан басшысы жергілікті кәсіпкермен сөйлесу барысында.

Айта кетейік, Келес ауданы – Түркістан облысының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, 2018 жылдың 5 маусымы күні төртінші рет қайта құрылған әкімшілік-аумақтық бөлік. Орталығы — Абай ауылы. Батысы мен оңтүстігінде Шардара, солтүстігінде Сарыағаш аудандарымен, шығысында Өзбекстанмен шектеседі. Аудандағы 83 елді мекен 12 ауылдық округке біріктірілген. Өткен 6 жыл ішінде ауданның инфрақұрылымы біршама жаңарып, әлеуметтік нысандардың саны артты.