ЖЕТІСАЙЛЫҚТАР МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕДЕ ТАҢДАУ ЖАСАУДА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі № 636 Жарлығына сай, еліміздің барлық өңірлерінде референдум өтуде. Түркістан облысында да тұрғындар жалпыұлттық референдумға белсенді қатысуда. Жетісай ауданы, Жаңа ауыл ауылдық округінің жас отбасылары референдумға белсене қатысып, өздерінің тұрғылықты жерлеріндегі референдум учаскелерінде дауыс берді.
Солардың бірі Нұрдәулет Бейсембай мен Әмина Базарбай. Шаңырақ көтерген жас отбасы бүгінгі референдум күні өз таңдауларын жасады. Дауыс беруден кейін жас отбасының отағасы өзінің дұрыс таңдау жасағаны туралы пікір білдірді.
«Бүгінгі референдумда өз көзқарасыңды білдіру – әр адам үшін өміріндегі маңызды сәт. Бұл күні әркім өзінің азаматтық таңдауын жасайды. Бірінші кезекте, еліміздің әрбір азаматы патриот ретінде жарқын болашаққа дұрыс таңдау жасауға міндетті» деді ол. Ал, жас келін Әмина Ержанқызы саяси науқанға қатысып, алғаш рет таңдау жасағанын айтады.
Бір қолмен әлемді, бір қолмен бесікті тербеткен кешегі кеңес дәуірін көріп, ғасырды артта қалдырған аналар қатары қазіргі таңда саусақпен санарлық. Жетісай ауданы, Қарақай ауылдық округіне қарасты Қ.Сәтпаев елді мекенінің тұрғыны, Түркістан облысының ең қарт дауыс берушісі Унгай Бегбаева да өз таңдауын жасады.
1914 жылы Тәжікстан Республикасының Қорғантөбе облысында дүниеге келген Унгай Бегбаева әжей бүгінде 110 жаста. 5 перзентінен 14 немере мен 30 шөбере сүйіп отыр.
Жетісай қаласындағы №197 референдум учаскесі дауыс берушілерге ерекше көңіл-күй сыйлауда. Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің базасында орналасқан учаскеде дәстүрлі әндер айтылып, ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылған. Білімін сынап көрушілерге викториналық сұрақтар қойылып, сый-сияпаттар жасалуда.
Одан бөлек, аудандағы 75 референдум учаскесінің барлығында бұқаралық спортты дамыта отырып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттың қазақ күресі, қол күресі, үстел теннисі, волейбол, тоғызқұмалақ, кіші футбол секілді түрлерінен тұрғындар арасында жарыстар ұйымдастырылып, өткізілуде.
Ауданның Ж.Ералиев ауылдық округі Бәйтерек ауылында ұлт азаттық көтерілісінің сардары, батыр Амангелді Имановтың шөбересі Ғалымжан Нұрахов та өз таңдауын жасап, дауыс берді.
Батырдың немересі 1951 жылы туылған Рысбай Рахымбаевтың кіндігінен тараған 10 перзенттен бүгінде 50-ден астам немере өрбіп, үлкен әулетке айналып отыр. Бүгінгі өтіп жатқан референдумда бәрі де белсенді. Бәрі де елдің жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасаған.
«Аллаға шүкір, еліміз тыныш, шекарамыз бүтін, ұйқымыз қанық, қарнымыз тоқ. Кейбір елдердегідей оқтың үні естіліп жатқан жоқ. Біздің ендігі мақсатымыз – қол жеткізген жетістіктеріміз бен жеңістерімізді сақтап, одан әрі дамыту. Ол үшін бүгінгі жасайтын таңдауымыз үлкен маңызға ие» дейді батырдың шөбересі Ғалымжан Нұрахов.
Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласының құрылғанына 55 жыл толуына орай 55 жасқа толған 55 азамат дауыс берді. Жалпы қала бойынша 13 референдум учаскесі бар, 45 407 қала тұрғынының 23 685-і дауыс беру құқына ие азаматтар. Бүгін шаһарда 531 жас 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беретіндер. Ал 583 азамат 55 жасқа толған дауыс берушілер қатарында.
АЭС салуға қатысты өтіп жатқан жалпыхалықтық референдумда Жетісай ауданы бойынша 75 референдум учаскелері жұмыс істеп тұр. Аталмыш учаскелерде дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін мүгедектігі бар 3436 азамат тіркелген. Олардың 154-і кресло-арбаларды пайдаланса, 135 тұлға зағип және нашар көретіндер, ал, 47 адам естуі бойынша мүгедектігі барлар. 336 азамат дауыс беру кезінде ерекше қажеттілігі бар жандар.
Бүгінде барлық референдум учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау мақсатында пандустар, токтилді жолақтар, сілтеуіштер, арнайы бұрыштармен қамтамасыз етілген.
Одан бөлек, үйінде дауыс беретін жандарға референдум учаскелерінің комиссия мүшелері заңдылықтар мен ереже-талаптарды сақтай отырып, өз таңдауларын жасауға мүмкіндіктер қарастырған.
Ал, мүгедектігі бар өздігінен жүріп-тұра алатын жандарға 4 инватакси мен 7 әлеуметтік такси қызметі, еститін және естімейтін адамдар арасында делдалдық қызмет көрсетуге байланысты 11 арнайы маман бекітілген.