ЖАСТАР ТӘРБИЕСІНЕ АРНАЛҒАН МАҢЫЗДЫ ШАРАЛАР ӨТТІ

Мемлекеттік саясатта ұлттық тұлғаларды дәріптеу мен оларды жас ұрпаққа өнеге ету арқылы жастардың бойында патриоттық рухты тәрбиелеу мақсат етілген. Балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойы аясында өткізілген республикалық фестиваль жастар тәрбиесіне де зор ықпал етті.
Биыл белгілі жазушы және балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Осы мерейтой аясында Өскемен қаласында 1-5 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан драма театрларының XXX республикалық фестивалi өтті. Түркістан облысының Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры қаламгердің «Қайдасың, Гауһар?» драма спектаклімен қатысып, «Үміт» номинациясымен марапатталды.
Фестиваль көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған. Ауқымды шара аясында өскемендік театр сүйер қауым назарына еліміздің әр өңірінен келген театрлардың қойылымдары ұсынылды. Фестивальдің ұйымдастырушысы – Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры.
Қойылымды тамашалаған А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының ұжымы: «Жазушының «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты әңгімелері көпшілікке жақсы таныс. Ал, «Қайдасың, Гауһар?» повесін біреу білсе, біреу білмейді. Әр жазушының жүрек түбіндегі бір тақырыбы – махаббат. Бұл сезімді жазбаған жазушы жоқ шығар. Атының өзі адамды елең еткізер, 1966 жылы жарық көрген «Қайдасың, Гауһар?» шығармасы да осы махаббат туралы. Кітаптан оқыған шығарманың сахналанғаны тіпті қызықты болды» деп пікірін білдірді.
Спектакльде соғыс кезіндегі бір бозбаланың басынан кешкен махаббат хикаясы баяндалады. Басты кейіпкер Жәнібек тоғызыншыны бітіріп, мұғалімдік қызметін бастайды. Ол Гауһар есімді бойжеткенмен танысып, екеуінің араларындағы қимастық сезім махаббатқа ұласады. Бірақ соғыс, елдегі қиын ахуал екеуін табыстырмайды. Жәнібек сол күйі сүйгенін жоғалтып алады. Жүректе сағыныш, өкініш табы қалады.
Айта кетейік, фестиваль алдында аталған театр ұжымы еліміздің бас қаласы Астанаға гастролмен барған болатын. Онда Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында дәл осы драманы көпшілік назарына ұсынды. Бұдан бөлек арнайы тренинг ұйымдастырылып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, профессор, театр режиссері Асхат Маемировтан дәріс алды.
Сол сияқты жастарды салауатты өмір сүріп, бұқаралық спортпен айналысып, мәдени-рухани жағынан дамып, отансүйіштік қасиеттерді бойына сіңіріп, теріс діни жолға түспей ұлттық дәстүрлі құндылықтарды қастерлеп өсуге бейімдеу мақсатында Түркістан облысы бойынша өтіп жатқан «Дәстүрлі құндылықтар керуені» Сауран ауданына келді. Түркістан облысы дін істері басқармасы ұйымдастырған жиынның мақсаты – облыс тұрғындарын түрлі діни ағымдардан сақтандырып, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу. Кездесу қонақтарының қатарында дін, мәдениет, спорт салаларының өкілдері болды.
Келелі кездесуге дін саласының өкілі, ҚМДБ-ның РАНТ мүшесі Арман Қуанышбаев, Дін істері басқармасының бөлім басшысы Қайрат Абуов, актер, мәдениет саласының өкілі Шакен Амантуров, КСРО спорт шебері, Халықаралық дәрежедегі төреші Әбдісадық Халилаев қатысты.
Ал модератор аудан әкімінің кеңесшісі Мұхаммеджан Жұмадуллаев болды. Арнайы келген қонақтар діни сауаттылық және тұрақтылық жайлы ойларын баяндап, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Кездесуге ардагерлер, әжелер, аналар кеңесі, ауыл билері мен жастар қатысты. Олар тағылымды әңгіме тыңдап, құнды кеңестер алды. Түркістан облысы дін істері басқармасы ұйымдастырған жиынның мақсаты – қоғамдық пікір көшбасшыларын қатыстыра отырып, облыс тұрғындарын діни ағымдардан сақтандыру, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов салт-дәстүр жайындағы ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Жиын соңында көпшілік тарапынан айтылған пікірлер мен сұрақтарға жауаптар берілді.