ЗАҢСЫЗ САУДАНЫ РЕТКЕ КЕЛТІРІП, КӨШЕТ ЕГУГЕ ӘЗІРЛІК

Мемлекет басшысының билыңы жолдауының атауының өзінің «Заң мен тәртіп» деген сөздермен өрнектелуінің өзі барлық мәселеде заңдылық пен тәртіптің сақталуына мемлекетте де, қоғамда да баса мән берілетінін білдіреді. Сондықтан да қандай мәселеде болсын тәртіп пен заң талаптарын сақтау, қандай істе де заңдылықты бұзбау қоғамдағы басты талаптардың біріне айналып келе жатқанын байқатады. Заңдылықтарды сақтауды талап ету мен тәртіптің бұзылмауын бақылау жергілікті құқық қорғау және атқарушы органдардың негізгі міндеттері болып саналады.
Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовтың тапсырмасымен аудан орталығындағы базар аумағындағы заңсыз сауда орындарын ретке келтіру, қызыл сызыққа шыққан дүнгіршіктерді жою мақсатында бүгін аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен округ әкімдігі, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мен жергілікті полиция қызметінің біріккен рейдтік шарасы өтті.
Шара барысында 11 азаматқа Заң бұзушылықтар бойынша хаттама толтырылып, сауда үйлері мен базар иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, сауда орындарына санитарлық тазалық жүргізілді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен, өңіріміздің барлық аймақтарының электронды денрологиялық картасын жасау жұмыстары қызу жүруде.
Осы орайда, бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары Марат Жанесеннің төрағалығымен елді мекендердің дендрологиялық картасын жасақтау мақсатында жиын өтті.
Басқосуға осы жұмыстарға өңірімізде жетекшілік ететін облыстық ғылыми зерттеу орталығынан экономика ғылымдарының докторы, профессор Сыздықов Бейбіт, ауылдық округ әкімдері мен жауапты мамандар қатысты.
Бүгінде Түлкібас ауданы аумағында 20 мыңнан астам тұрғын үй, 2 жүзден астам мекеме бар. Аталмыш картаны жасақтау барысында әр округтен бекітілген мамандар әр үйдің және мекеменің ауласында өсіп тұрған ағаштың санағын жүргізеді. Сөйтіп, әр округ әкімдігі өзіне бекітілген аймақтағы ағаштарға есеп жүргізеді.
Бұл жерде тағы да бір айтып өтетін маңызды жағдай, арнайы мамандар әр елді мекеннің топырағының құрамын зерттеп, ол жерге қандай ағаш түрлері қолайлы өсетінін дәлелдеп береді.
Сонымен қатар, жиында ауыл-аймақтың көгалдандыру мәселесі талқыланды.
Аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары алдағы уақытта егілетін көшеттерге арнайы қоршалған орын және суғару жүйесі дайын болу керектігін ескертіп, әр түп көшеттің өсіп-өнуіне тиісті жағдайды жасауды тапсырды.
Айта кетерлік, биыл күз айларында аудан аумағында 30 мыңнан астам көшетті егу жоспарланып отыр.