ТҮРКІСТАНДЫҚ БОКСШЫЛАР 2 ЖАРЫСТАН 11 МЕДАЛЬ ЕНШІЛЕДІ

0
74

Қыркүйек айыныі екісінде жарияланған Жолдауында Президент елімізде бұқаралық спорттығ әуесқой спортты дамыту мәселесіне арнайы тоқталып, биылғы олимпиадаға қатысқан спортшылармен кездескенін, басқа да спорттың жағдайына байланысты Қазақстан спорт саласына реферма қажеттігін сезінгенін айтып, осы салаға жауаптыларға спорт саласын мықтап қолға алу қажеттігін ескертті.
Тұрғындарының саны жағынан ең халқы көп аймақ ретінде Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануын, ересектердің де бұқаралық спортты серік етуін қамтамасыз ету жолында көп те жауапты жұмыстар жүзеге асырылуда. Балаларға арналған түрлі спорт түрлеріне үйрететін арнаулы мектептер, көптеген спорт түрлерінің клубтары мен секциялары жұмыс жасайды. Мектептерде және тұрғын үйлердің арасында балалар спорт алаңшалары жұмыс істейді. Олар арқылы бүлдіршіндер кішкентай кезінен спорттан хабардар болып, біртіндеп қалаған спорт түрімен шындап шұғылдана бастайды. Ал өзі ұнатқан спортынмен сүйіп айналысқан баладан мықты спортшы шығатыны анық.
Таяуда ғана түркістандықтардың екі бірдей үлкен жарыстан алып келген жүлделері осылардың айғағы десек болады.
Ақтау қаласында бокстан ересектер арасында Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған XVI халықаралық турнир аяқталды. Апта бойында ринг көркін қыздырған боксшылар бәсекесінде Түркістан облысының спортшылары табысты өнер көрсетті.
Тартысты өткен жекпе-жектер нәтижесінде 48 келіде Нұрғиса Тұрабеков пен 86 келіде жұдырықтасқан Бекболат Әбдікерім барлық қарсыласын тізе бүктіріп, алтыннан алқа тақты. Ал 60 келіде Арслан Жолдасбаев пен 71 келіде Темірхан Тезек қола медальді қанағат тұтты.
Шымкентте Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған 43 халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Биыл жоғары дәрежеде ұйымдастырылған бокс додасында Қазақстан ұлттық құрамасының үздік былғары қолғап шеберлері қатысып, өз шеберліктерін байқап көрді.
Тартысты өткен жекпе-жектер нәтижесінде Түркістан облысының жұдырықты жігіттері 2 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль олжалады. Жүлде салған спортшылар қатарында 54 келіде ринг көркін қыздырған Сәкен Бибосынов жарақатына байланысты күміске қол созса, 67 келіде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы алтын медальді мойнына ілді. Ал 67 келіде өнер көрсеткен тағы бір жерлесіміз Бақтияр Анарбаев қола медальді қанағат тұтты.
Сондай-ақ 92 келіде қос түркістандық боксшы Сағындық Тоғамбай мен Абзал Құттыбеков ақтық сында кездесіп, бар күш-жігерлерін көрсетті. Тартысты жекпе-жек нәтижесінде Сағындық Тоғамбай жеңіске жетті. Осылайша Сағындық 1-орын иеленсе, Абзал 2-орыннан көрінді. +92 келіде Түркістан облысының үміті Нұрлан Сапарбай мен елордалық Айбек Оралбай бас жүлдеге таласты. Нәтижесінде Айбек Оралбай абсалютті салмақта жеңімпаз атанды. Осы салмақта Даниял Сапарбай қола медальді облыс қоржынына салды.
Ал, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев Қызылорда қаласында 2024 жылдың 3-6 қазан күндері өткен кіші футболдан 2014-2015 жылғы жасөспірімдер арасындағы «ТҰЛПАР CUP» республикалық турнирінде өзгелерден оқ бойы оза шапқан жас спортшыларды және бапкері Берік Ақанов, спорт нұсқаушы Досжан Досыбеков, Сауран ауданы спорт клубының директоры Еркін Жарқынбектерді қабылдап, мерейлі жеңістерімен құттықтады.
Сауран ауданының атынан барған жас спортшылар бұған дейінде көптеген жарыстарды бағындырып жүрген жайлары бар. Бапкері Берік Ақановтың айтуынша еліміздің түкір-түкпірінен 43 команда қатысып, бақ сынаған. Саурандық бүлдіршіндер 7 ойын өткізіп, бірінші орынға ие болса, жүлделі 2-3 орындарды Қызылорда мен Ақтөбе командалары өзара бөліскенін жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшыларға алдағы уақытта ел намысын қорғап, биік белестерді бағындыра беруіне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, ауданның спорт саласының дамуына қосқан үлесі үшін арнайы Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.