ЖАСТАР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТА ДА, СПОРТТА ДА БЕЛСЕНДІ БОЛУДА

0
58

Ел басшысы жолдауларында айтып келе жатқандай дені сау, шымыр әрі шынығып өскен, білімді де білікті, адамгершілік қасиеттер мен ұлттық құндылықтарды құрметтейтін жастар бар ел мықты мемлекет бола алады. Ол мемлекеттің болашағы жарқын болады. Түркістан облысында жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Сондықтан да облыста белсенді де адами қасиеттерді бойына сіңірген және жанына спорттын жалау еткен жастар көптеп өсіп келе жатыр. Төмендегі екі оқиға соған дәлел.
Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде игілікті шараның куәсі болдық. Тарқатып айтатын болсақ, Құмтүйін елді мекенінің 1987 жылы туылған азаматтардың бастамасымен тұрғын үй тұрғызылып, мұқтаж отбасыға баспана берілді.
Бұл қайырымдылық іске ауылдың белсенді жастары, жеке кәсіпкерлері бірлесе ұйымдасты. Айтулы шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат депутаты Сәбит Рысбеков, Қарашық ауылдық округінің әкімі Сәкен Оразбаев, ауылдың ақсақалы Ырысбай Айтуғанов және ауыл қариялары мен тұрғындары, жастары қатысты.
Қарапайым тірлікте құлағанды көтеріп, сүрінгенді демеп жүретін қайырымды жандар жеткілікті. Олардың іс-әрекеті арқылы өмірдің қиындығын ұмытып, алғы күндерге үміт артуға, болашағына нық қадам жасауға болады. Қайырымдылық жасау — ізгіліктің басты көрінісі мен асыл қасиеттерінің бірі болып табылады. Жақсылық жасау имандылықтың, тәрбиеліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске арқау болып жүретін, асыл арманға қол созғандарға сүйеніш болып, қолдарынан келгенін аямайтын ауданымыздың белсенді жастары мен кәсіпкерлері жетерлік деп білеміз.
Игілікті шарада аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, ауылдың ақсақалы Ырысбай Айтуғанов сөз сөйлеп, сауапты іске ұйытқы болған барша жандарға алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, аудан әкімі мұқтаж жандарға баспана салып, тарту еткен азаматтарға алғыс хат табыстады. Жаңа баспанаға ие болған Құмтүйін елді мекенінің тұрғыны Бектас Бектұрғанұлына қоныс құтты болсын десті
Сайрам ауданындағы «Ақсу Жекпе-жек» Ақсу спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шәкірті Қалдыбек Заңғар еркін күрестен өткен республикалық турнирдің чемпионы атанды.
2024 жылдың 02-04 қазан күндері аралығында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында еркін күрестен бапкер Мұрат Тотаев пен КСРО спорт шебері Сапархан Шайменовты еске алуға арналған 2008-2009ж.т. жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.
Аталмыш турнир аясында Алматы,Шымкент, Қызылорда, Атырау, Павлодар, Қарағанды, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облысының командаларынан келген 300-ге тарта спортшылар бақтарын сынады.
Бұдан бөлек, турнирге Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Ақсу жекпе-жек спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің спортшылары да қатысып қайтты.
Жарыс нәтижесі бойынша: I орын — республикалық турнирде 71 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Қалдыбек Заңғарға бұйырды. Жас спортшымызды жарыс жолына дайындауда жаттықтырушысы Думан Бердалиевтің еңбегі ересен. Осылайша, облыстың атын шығарып, өздерінің спорттық шеберлігін көрсеткен жерлестеріміз алдағы кезде бұдан биік жарыстардан жүлде салады деп сенеміз.