ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРЛЕР ӨТКІЗІЛУДЕ

0
66

Мемлекет басшысы биылғы жылға арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын қазақстандықтарға Жолдауында мықты дамыған бәсекеге қабілетті, ұлттық кодын сақтаған мемлекет болу үшін жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан, ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша екндігін айта келіп «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады» деп бұл бағыттар бойынша жұмысты жандандыра түсу қажеттігін де атап айтты.
Жалпы әлемде үлкен проблема туғызып отырған, күн санап жер бетінде кеңінен жайылып, ушығып бара жатқан бұл дүниежүзілік дертке қарсы тек қана құқық қорғаушы органдар қанша күрескенімен толық нәтижеге қол жеткізуі қиын. Сондықтан әрбір шаңыраққа қатысы бар бұл проблемамен бүкіл жұртшылық, қоғамдық ұйымдар, денсаулық және спорт саласының мекемелері мен жастар ұйымдары бірлесіп күрес жүргізу қажет. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер, жастар арасында есірткі мен нашақорлыққа қарсы күрес пен оларға төзбестік қасиет қалыптастыруға септік етерлік насихатты, ақпараттандыруды тұрақты да мазмұнды жүрізіп отырса нәтижеге қол жетеді.
Шағын футболдан «Жас Динамо» кадет сыныптарының оқушылары арасындағы «Динамо» ДШСҚ ҚБ Төрағасының кубогына арналған республикалық турнир өтті.
Турнирге барлық облыстан 21 команда, оның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ «Жас Динамо» және ЕҚҚІҚБ (Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы) командалары қатысты.
Әскери-патриоттық клубтар мен лицейлердің тәрбиеленушілері, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас Ұлан» мектебі, «Жас полиция», «Жас шекарашы», «Жас Сарбаз», «Жас Бүркіт» және әрине «Жас сақшы» сияқты соңғы уақытта құрылған кадет сыныптары қатысты.
Республикалық жарыс 2010-2011 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында Алматы қаласында «Мен есірткіні емес, спортты таңдаймын!» – деген ұранмен аты аңызға айналған «Динамо» стадионында өтті. Екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша Түркістан облысың намысын қорғап қатысқан Кентау спорт клубының командасы жасыл алаңда қарсыластарынан суырылып алға шығып, тартысты өткен футбол додасында екінші орынды иеленді. Сөйтіп кентаулық жасөспірімдер облыстың даңғын асырды.
Түркістан облысының орталығында да есірткі мен нашақорлыққа қарсылық акциясы ретінде дәл сондай жасөспірімдер командалары арасында республикалық иурнир өткізілді.
Түркістан қаласында қала күніне орай «Біз нашақорлыққа қарсымыз!» ұранымен 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасында футболдан өткізілген республикалық турнирге Шымкент, Қызылорда, Кентау қалалары, Сарыағаш, Қазығұрт аудандары мен түркістандық 8 команда қатысты.
Сайыстың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, облыстық «Дене шынықтыру және спорт басқармасы» басшысының орынбасары Жазира Муслимова, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, футболдан ұйымдастырылған турнир 8-қазанға дейін жалғасып, жарыс қорытындысымен жеңімпаздар мен жүлдегер командалар анықталды. Есірткіге қарсылық турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлеріне арнайы сыйлықтар мен жүлделер тапсырылды.
Тағы бір айта кететін нәрсе Түркістан қалалық “Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының”ұйымдастыруымен тұрғындар үшін жүйелі түрде таңғы жаттығу ұйымдастырылуда. Бұл жаттығудың мақсаты ересек демей, жас демей салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты жанына серік етуіне ықпал ету,әсіресе, жастарды жаман әдеттен жерінтіп, шымыр да шынығып өсуіне жол көрмету болып табылады.
Алдын-ала кестеге сәйкес, секторлардың ашық алаңында осыған дейін өткізілген спорттық шынығуға 400-ге тарта тұрғын қатысып, белсенділік танытты.
Әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері өтетін жаттығу сағаты осы апта Сауран тұрғын алабының №13 көпқабатты тұрғын үйінің ашық алаңында өтеді.