ТАСҚЫН СУДАН САҚТАНЫП, ТАЗА АУЫЗСУМЕН ҚАМТУ ҚАЖЕТ  

0
87

Өткен көктемдегі төтеннен келген алапат су тасқыны жергілікті билікке көп сабақ беріп кетті. Сондықтан жергілікті басшылар су тасқынын алдын алуға нақты да жауапкершілікпен дайындық жасау қажеттігін ұқты.

Түркістан облысында күзгі және көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар атқарылып жатыр. Биылғы 13 мамырда бекітілген «2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспарына 39 іс-шара енгізілген. Қазіргі таңда 12 іс-шара толығымен аяқталып, 11-інде жұмыс жалғасуда. Аталған мәселелер облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Облыстағы елді мекендердегі су арналары, каналдар, өзендер тұрақты бақылауға алынуы қажет. Немқұрайлы қарамаңыздар. Департамент, басқарма, аудан, қала әкімдіктері бір-біріне сілтеп, мәселені айтып қана отырса, іс өнбейді. Бірлесе жұмыс атқарыңыздар. «Тұран су» мекемесінің, жергілікті азаматтардың, кәсіпкерлердің, мекемелердің техникаларын қолданыңыздар. Су тасқынына қарсы жоспар сапалы орындалуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық ТЖД бастығы, полковник Асқар Төлешевтің айтуынша, аяқталған 12 іс-шараның нәтижесімен 57,5 шақырым қашыртқы арналар механикалық тазалаудан өткен. Келес ауданында арық-атыздың 14 шақырымы күл-қоқыстан тазартылған. Сарыағаш қаласында каналдардың 350 метрі бетондалған. Сайрам ауданындағы Арыс өзенінде 200 метр арнада түзету жұмыстары жүргізілді. Сауран ауданы, Қарашық өзеніне 2 дана тоспа орнатылған.

Қазіргі таңда су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда. Жалпы 304,1 шақырым арық-атыздар, 512,6 шақырымды құрайтын каналдар, 156,7 шақырым дюбинг-өткелдер тазаланған. Аталған жұмыстарды жүргізуге 131 техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек, су тақыны кезеңіне 84 мың дана қап пен 780 тонна инертті материалдар дайындалды. Төтенше жағдай қауіпі туындағанда тамақ мен тиісті қажеттіліктер үшін ірі кәсіпкерлермен 50 меморандум түзілген.

Мәжілісте Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевтың ла есебі тыңдалды. «2024-2025 жылдарға күз-көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шаралары» жоспарына сәйкес, елді мекендердің су тасқынына дайындығы тексеріліп, акт түзіледі. Тексеру жұмыстары қараша айына дейін аяқталып, қорытындысымен тиісті ұсыныс енгізілмек.

Тасқын судан сақтана отырып, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де жүзеге асырылуда. Түркістан облысында елді мекендерді ауыз сумен толық қамтамасыз ету мақсатында қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Облыс елді мекендерін 100 % ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланса, халық саны 200-ден аз 29 елді мекенде кешенді блок-модуль орнатылмақ.

Биыл облыс аумағындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жалпы 129 нысанның құрылысына ұлттық қордан, республикалық және облымтық бюджеттен тиісті қаржы қаралған. Оның ішінде, 65 нысанды биыл, 64 нысанды келесі жылы аяқтау көзделуде.

Құрылыс-монтаж жұмыстарымен 32 нысан қамтылмақ. Нәтижесінде, 12 елді мекен ауыз сумен жеткізіледі. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданында – 2, Отырарда – 1, Төлебиде – 1, Келес – 4 және Созақ 4 елді мекен ауыз сумен қамтылады.

Одан бөлек, Бәйдібекте – 1, Арыста – 1, Сарыағашта – 1, Төлебиде – 3, Жетісайда – 2, Мақтааралда – 2, Түлкібаста – 1, Шардарада – 1, жалпы, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары жаңартылады. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы 3 мөлтек ауданда, Арыс қаласындағы 3 мөлтек ауданда су құбырын жүргізу және суаққы, резервуар салу жоспарланып отыр.

Ал, Сайрам ауданы, Жібек жолы елді мекеніндегі тозығы жеткен су жүйелеріне күрделі жұмыстар жүргізіліп, жаңартылатын болады. Сондай-ақ, 21 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде, 36 елді мекенде тозығы жеткен су құбырлары, су мұнаралары, қолданыстағы су ұңғымалары ретке келтіріледі.