ТҰРҒЫНДАР АРАСЫНДА КЕҢІНЕН НАСИХАТТАЛУЫ КЕРЕК

0
110

Қазақстан Республикасында билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, өзара сенімділікті арттыру, бірлік пен түсіністікте әрекет ету бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Президенттің әкімдерді жаңа форматта тұрғындар алдында есеп беруге міндеттейтін жарлығы мен әкімдердің жеке қабылдаулары және бірыңғай байланыс орталықтары арқылы тұрғындардың жергілікті атқарушы органдарға деген өтініш-тілектері мен ұсыныс-талаптарын тыңдау және оларға кешіктірмей жауап беру мен тиісінше мүмкіндігінше барлығын заң аясында орындауға тырысу халық пен билік арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейе көтеріп, өзара сенімділікті арттырады.

Түркістан облысы бойынша «109» біріңғай байланыс орталығы 2022 жылы іске қосылған болатын. Орталыққа тегін қоңырау шалу арқылы тұрғындар әкімдіктің жұмысына қатысты кез келген мәселе бойынша сұрақтарына жауап алып, өтініш пен арыз-шағымдар бере алады.

Күні кеше Мақтаарал ауданы әкімі аппараты мәжілісінің күн тәртібінде «109» біріңғай байланыс орталығының жұмысы туралы талқыланды. Аудан әкімі Бақыт Асанов төрағалық еткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

Күн тәртібі бойынша аудан әкімі аппараты ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің бас инспекторы Д.Аязбеков баяндама жасады. Бас инспектор аудан бойынша біріңғай байланыс орталығына жауапты мамандар бекітілгенін, байланыс орталығына түскен сұрақтарға жауап беру бойынша мамандарға 2 рет семинар өтіп, ватсап желісінен арнайы чат ашылғанын атап өтті.

Жалпы «109» біріңғай байланыс орталығына 2024 жылдың басынан бері Мақтаарал ауданына қатысты 386 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 370 өтініш уақытылы жабылса, 15 өтініш мерзімінен кеш жабылған. Сондай-ақ, 1 өтініш орындауда тұр. Өтініштердің ішінде ең көбі электр энергиясы (74 өтініш), жол инфрақұрылымы (19 өтініш), денсаулық сақтау (17 өтініш), жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау (16 өтініш), газбен қамту (15 өтініш), ауыз сумен қамту (12 өтініш), көше жарық шамдары (9 өтініш) және білім салаларына (5 өтініш) қатысты түскен.

«Мерзімінен кеш жабылған өтініштердің барлығы дерлік аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне, аудандық электр желісі мекемесіне, аудандық ветеринария бөліміне, аудандық білім бөліміне және Атакент кенті әкімі аппаратына тиесілі» — деді, баяндамашы.

Айта кетейік, «109» туралы тұрғындар арасында кеңінен ақпарат тарату үшін арнайы халық көп шоғырланған орындарға плакаттар, үлкен жолдардың бойына билбордтар ілініп, лэд экрандарға жарнама қойылып, әлеуметтік желілерге материалдар жарияланғанымен, қоңырау түсу санынан Мақтаарал ауданы облыста соңғы орында тұр. Облыс әкімдігімен болған жиында бұл мәселе көтерілгенін, сондықтан орталықтың жұмысы тұрғындар арасында кеңінен насихатталуы керектігін айтқан аудан басшысы жиынды қорытындылады.

Расында да, бірыңғай байланыс орталықтарының жұмысын жұртшылық арасында насихаттауды әлде де қарқынды жүргізіп, түрлі әдістерді кеңінен қолдана отырып осындай орталықтардың тұрғындар үшін қызмет ететінін айтып, ақпараттандыруды эалғасытра түсу керек. Сонда барлық қалалар мен аудандарда тұрғындар өздерінің мәселелерін, айтар ұсыныс-тілектерін көбірек жолдау арқылы сол өңірлердің, айналып келгенде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мен өмір сүру жайлылығының арта түсуіне көп септігі тимек.