ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ТИІМДІ ШЕШІЛУІН ТАПСЫРДЫ

0
75

«Халық үніне құлақ асатны мемлекет» тұжырымдамасы және «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына байланысты жергілікті атқару органдарының басшылары мен жауапты қызметкерлері өзі басқарып отырған аумақтың тұрғындарымен белгіленген мерзімде кездесулер өткізіп, істелген және алда істелетін жұмыстары бойынша есеп беріп, жұртшылықтың өтініш-тілектері мен ұсыныстарын тыңдап, солар бойынша нақты шешімдер қабылдап орындаулары міндеттелген. Осы жарлықты орындау шеңберінде Сайрам ауданы әкімі Арман Сәбитов Қайнарбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қасымбек датқа ауылының Жаңақұрылыс аумағындағы 205 га жер телімін инфрақұрылым жүйелерімен қамту бойынша жүргізілген құрылыс жұмыстарын бақылады. Бұдан бөлек, ауылдық округ әкімі Есбол Дүйсебаев пен жауапты тұлғалармен бірге газ құбырын тарту, жол салу жұмыстары туралы тұрғындар үшін түйткілді мәселені талқылады.

Қазіргі таңда аталған аумаққа ауыз су және электр жүйесі жүргізілген. Ал табиғи газ жүйесінің жобасы мен тас төсеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Айта кетейік, бүгінде тұрғылықты халық қатты отын (көмір) түрін қолдануда.

Аудан басшысы Арман Сәбитұлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сондай-ақ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы секілді бірқатар бөлім басшыларына ауылдық округінің әкімімен бірлесе, Жаңақұрылыс аумағының құрылыс жобаларын пысықтау үшін қайта қарау қажеттігін айтты. Бірінші кезекте халыққа қажетті инфрақұрылым жұмыстарының тиімді жолдарын қарастыруды тапсырды.

Тағы бір айта кетерлігі «Gen Group Qazaqstan» компаниясы Сайрам ауданы, осы Қайнарбұлақ ауылында 5,3 га жылыжай салып, банан өсіруді қолға алды. Өсірілетін банан сорты арнайы Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген. Жақын арада жылыжай тағы 5 гектарға кеңейтіледі деп күтілуде. Заманауи жылыжай жылына шамамен 1000 тонна банан өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін 1% қамтамасыз етіп отыр.

Одан ары аудан әкімі Арман Сәбитовтің келесі кезектегі аралауы Қайнарбұлақ ауыл округі, Сарыарық ауылы, Х.Әдебеков атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебі ғимаратында жалғасты. Аралау аясында 1958 жылы негізі қаланған білім нысанынын қазіргі уақытта қордаланған жағдайларына қанықты.

Аталмыш оқу ордасында бүгінде 2 ауысыммен оқитын 60-тан аса оқушы 22 мұғалімнен білім алады. Сондай-ақ, оқушылардың білім нәрімен сусындауына жайлы жағдай жасау мақсатында мектеп ғимаратында орталықтандырылған және жәй пеш оранатылған. Қазандықтарды жылыту үшін көгілдір отын, қатты отын және сұйық отын түрлері қолданылады.

Кездесу кезінде оқушылар санының артуына орай, типтік спорт зал және акт зал, сонымен қатар, кітапхана мен асхана ғимараттарын салу мәселелері көтерілді. Бұл бойынша аудан басшысы Түркістан облыстық білім басқармасына ұсынысхат жолдау керектігін жеткізді.

Сондай-ақ, аудан әкімі Арман Сәбитұлы Сарыарық ауылында орналасқан Б.Абдраманов, Б.Одаманов және Ы.Шалабайұлы көшелерінің тұрғындарымен кездесуге барды. Мұнда көшелердегі өзекті деп танылған электр бағаналарының мән-жайымен егжей-тегжейлі танысты.

Айта кетейік, Сайрам аудандық электр тарату жүйесінің техникалық қадағалауында 100 абонент ұзындығы 2 шақырымды құрайтын сым тартылған электр бағаналарымен қамтылған.

Бүгінгі таңда аталған көшелердегі электр бағаналары ескіргендіктен, табиғаттан болатын қатты дауыл, жауын-шашын жағдайларында істен шығады. Сондықтан аудан әкімі тұрғындарды тіршілігімізге күнделікті керекті инфрақұрылым жүйесімен тұрақты түрде қамтуды назардан тыс қалдырмайтынын айтты. Келесі жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС инвестициялық бағдарламасы бойынша жаңа электр желілері тартылып, электр бағаналары ауыстырылатынын тілге тиек етті.