ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ

0
96

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерді. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болып, мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Сөзіміздің дәлелі, Төлеби ауданы әкімдігінде аудан әкімі, орынбасарлары, дербес бөлім, мекеме басшылары тұрғындармен кездесіп, оларды толғандырған мәселелерді шешу бағытында жеке қабылдаулар өткізуде.

Төлеби ауданы әкімдігіндегі «Ашық әкімдік» кеңсесінде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев тұрғындарды жеке өтініштері бойынша қабылдады.

Қабылдауға келгендер негізінен ауыз су, тұрғын үй, жол мәселесін сөз етті. Ленгір қаласы №2 мөлтек аудан тұрғыны О.Саудашов ауыз су сапасына қатысты пікірін жеткізіп, балалар ойын алаңшасы орнатылған көшеге жол кедергісін қоюды сұранды. Амангелді көшесінің Қ.Байсариева бастаған бір топ тұрғындар жауынды күндері ауыз су лайланып кететінін айтып, мәселені шешуді, көше бойына түнгі жарық орнатуды өтінді. Ақмаржан көшесінің тұрғыны С.Баисбекова 2014 жылы тұрғын үй кезегінде тұрғанын, пәтер жалдап жүргенін, өзінің бірінші топ мүгедегі екенін айтып, баспана мәселесін шешуге көмек сұрады.

Қабылдау барысында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дауылбайұлы барлық өтініштердің заң аясында шешу жолдары қарастырылатынын айтып, сала басшыларына нақты тапсырма берді. Жеке қабылдауда айтылған әрбір өтініш назардан тыс қалмайтынын айтып, оның орындалуы бақылауында болатынын жеткізді.

ҚР Президентінің Жарлығына сай, барлық деңгейдегі әкімдер халықпен кездесу өткізуде. 2024 жылдың екінші жартыжылдығының алғашқы кездесуі Алатау ауылдық округінде өтіп, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуының көрсеткіштерімен таныстырды. Сондай-ақ, ауылдық округте жүзеге асқан жобаларды баяндап, алдағы жоспарларды пысықтап, ауданды дамыту жұмыстарына тоқталды.

Кездесуде округ халқы өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтып, пікірлерін ортаға салды. Округ халқы ауыз су, ағын су, жол кедергілерін орнату, аяқ жол салу, Біркөлік елді мекеніне мектеп ғимаратын, Алатау ауылдық округі әкімі аппаратына жаңа ғимарат тұрғызу, ұзақ жылдар бойы бір мектепті басқарған директорларды ротациялау, электр бағаналарын ауыстыру, жол, каналды тазалау өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, өтініштерін айтты.

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дауылбайұлы әрбір өтініш бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді. Сонымен бірге аудандағы өзекті мәселелерді қозғап, оларды шешу бойынша ауылдық округ әкімі мен сала басшыларына тапсырмалар берді.

Кездесуден соң Сержан Дауылбайұлы жеке қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарының өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Әкімдердің халықпен кездесуі – билік пен қоғам диалогын орнататын маңызды бағыт. Кездесу барысында айтылған проблемалы мәселелер жүйеленіп, оларды қаржыландыру мәслихат сессиясында қарастырылады. Бұған қоса, ресми интернет-ресурстарда және «электронды үкімет» веб-порталында кездесу барысында халық көтерген проблемалы мәселелердің шешілу барысы жарияланады.