МАҚСАТ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫН АРТТЫРУ

Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құруда алдымен мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқы мен әдебін, көзқарасын жақсы жағына қарай өзгертіп, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуде адалдық, әділдік, жауапкершілік талаптарына сай болуы қажеттігін айтқан болатын. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы артып, әділдік пен адалдық үстем болса тұрғындар да мемлекетке деген сенімін арттырып, елдің болашағын бірге жасауда белсенділік таныта түспек.
Түркістан облысында тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы үнемі бақылаудан тыс қалмайды. Мемлекеттік қызмет қызмет істері агенттігінің жергілікті бөлімшелерінің өкілдері жергілікті әкімдіктер, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына мониторинг жасап отырады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен Созақ ауданы әкімі аппаратының заң және ақпараттандыру,мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі бөлімінің бас инспекторы С.Қарабаев және Созақ аудандық “Демеу” мүгедектер қоғамық бірлестігінің төрайымы, аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Б.Смахова Созақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімі мен «Мансап» орталығында көрсетілетін кызметтердің сапасын арттыру мақсатында қоғамдық бақылау жұмысын жүргізді.
Бақылау барысында бөлім тарапынан ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің жағдайымен танысып, қызмет алушыларға арналған қабылдаудың сапалы ұйымдастырылуы, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы және бақылау барысында көрсетілетін қызметтердің қол жетімділігімен анық ақпараттың болуы және мекеме ғимаратына кіріп- шығуына, дабыл батырмаларының жұмыс істеуі тексерілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлардың болуы, тағы басқа да мәселелері қаралып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тиісті деңгейінде ұйымдастырылуы бойынша ұсынымдар берілді.