30 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОҚУШЫ АУЫЛ ОЛИМПИАДАСЫНДА БАҚ СЫНАДЫ

Мемлекет басшысының ауыл мен қала тіршілігіндегі айырмашылықтарды азайту бойынша тапсырмасын орынду үшін Түркістан облысында аулы тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының деңгейін көтеру, білім мен денсаулық, спорт пен өнер, тағы басқа салаларда да заманауи жағдайлар жасау арқылы ауыл баласының қалалық баладан кемшін болмауын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылуда. Ол жұмыстар өз нәтижелерін де көрсетуде.
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІ аудандық кезеңі басталды. 9-11 қазан аралығында облысымыздың 16 ауданында олимпиаданың ІІ аудандық кезеңі өтуде. Онда мектепшілік кезеңнен іріктелген 15 000-нан астам білім алушы өз білімдерін сынауда.
Олимпиадаға қыркүйек айында облысымыздан 32 854 білім алушы тіркеліп, оның 27 795-і қатысқан болатын. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылымен салыстырғанда 6474 қатысушыға артқанын көрсетеді.
ІІ аудандық кезеңнің нәтижесі бойынша, ең жоғары ұпай жинаған 60 оқушы (әр пән және әр сынып бойынша 20 оқушы) ІІІ облыстық кезеңге қатысуға жолдама алады.
Шардара қаласында Жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты VII республикалық зияткерлік конкурсының аудандық кезеңі А.Әлімбетов атындағы жалпы білім беретін мектебінің базасында 08.10.2024 жылы өтті. Конкурсқа 23 мектептен 9-10 сыныптардың 75 оқушы қатысты.
Конкурстың мақсаты: туған жер тарихына қызығушылық танытатын талантты оқушыларды анықтап, олардың шығармашылық қабілетін, қоғамдық белсенділігін дамытуға, өскелең ұрпақтың бойына ұлтжандылықты қалыптастыру, өзінің туған өлкесінің тарихын және құндылықтарын мақтаныш сезіммен жеткізуге бағыттау.
Конкурстың негізгі міндеттері:
— өлкетануға қызығушылық танытқан оқушыларды анықтау;
— туған өлкенің тарихын зерттеуде танымдық қызығушылығын ынталандыру;
— оқушылардың тарихи өлкетану саласындағы бастамалары мен ізденулерін қолдау;
— туған жеріне, өз қаласына, ауылына деген сүйіспеншілігін зерделеу арқылы достарына түсіндіру.
Дарынды оқушыларды анықтау және олардың Қазақстан тарихына қызығушылығын ояту бағдарламасы аясында 9-10 сынып оқушыларына арналған жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты республикалық интеллектуалдық конкурсының аудандың кезеңінде І-ші туры- Қазақстан тарихы пәнінің сұрақтары бойынша тестілеу, ІІ-ші туры «Менің шағын Отанымның тарихы», «Шағын Отанымның символы», «Менің шағын Отанымның болашағы», «Менің шағын Отанымнан шыққан тұлғалар» атты 4 номинация бойынша өткізілді.
Ал, Сауран аудандық әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандар күніне арналған «Рухты, жігерлі жандар» атты мерекелік іс-шарасы өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Дәуірхан Асылбек, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов қатысып, игі тілектерін білдірді.
Шарада балаларға арналып, мерекелік концерттік бағдарлама көпшілікке ұсынылды. Қоғамның ізгілігі – балаларға жасалған қамқорлықпен бағаланатыны бұлжымас ақиқат. Балғындардың кіршіксіз көңілдеріне қуаныш сыйлаған шарада демеушілердің тарапынан сыйлықтар тарқатылып, мерекелік дастархан жайылды.
Түлкібас ауданы бойынша ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінің бірінші күні Абай атындағы мектеп-лицейінің базасында онлайн форматта тест тапсыру арқылы өткізілді.
Кестеге сәйкес құқық негіздері, орыс мектептеріне арналған қазақ тілі, Қазақстан тарихы, орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша барлығы 237 оқушы қатысып, бақтарын сынады.
Ауылдық жердегі мектеп оқушыларының дарындылығы мен қабілеттерін анықтау, қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау мақсатында өткізіліп жатқан олимпиаданың ертеңгі күніне сәттілік тілейміз.