АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ АУДАНДА ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы әдеттегідей ана мен бала қауіпсіздігі, демография, заң мен тәртіп жайында айта келіп «Әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатаңдады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды» деп бұл саладағы жұмыс жақсы атқарылып келе жатқанын айтты.
Түркістан облысында да ана мен баланы қорғау, отбасылық саясат, демографиялық жағдайды жақсарта түсу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық.
Сауран ауданы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өткізілді. Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ашып, отбасылық құндылықтарды насихаттау, елдің келешегі — балалардың аман, салауатты, білімді болып өсуіне кепілдік беру мақсатында түрлі бағыттағы жұмыстары туралы баяндады.
Жиналысқа адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Наталья Кожабекова және комиссия мүшелері қатысты. Аталмыш комиссия отбасылық жанжалдар, ана мен баланы қорғау, демографиялық мәселелерді шешу және талқылау мақсатында аудан әкімдігінің жанынан отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия құрылған.
Жиын барысында аудандық жұмысшы топ құрамы мүшелерінің тарапынан қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтардың жұмыстарын жандандыруды және орталықтың жұмыстарын жүргізу бойынша кеңінен насихаттау бағытында тапсырмалар берілді.
Жиыннан соң, жұмысшы топ құрамы Сауран аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы мен «Қамқорлық» орталығының жұмыстарымен танысып, өзекті мәселелерді талқылады.