ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ КӘСІБИЛІК ПЕН БАТЫЛДЫҚ ТАНЫТУДА

0
55

Қазақстан Республикасының Президенті өзінің биылғы Жолдауында «Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс.
Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек» деп заң мен тәртіп үстемдік құратын қоғам орнату арқылы азаматтардың және еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін айтып, оны жүзеге асыруды құқық қорғау органдарына жүктеді.
Түркістан облысында қоғамда заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуын, азаматтарды қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жоспарлы түрде нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Түркістан облысының полицейлері үш апта ішінде 18,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 34-і ұсақ бұзақылық пен 894-і жалпы пайдалану орындарын ластау фактілері. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 300-ден астам шетелдік пен Қазақстан Республикасының 84 азаматы жауапқа тартылды.
Бұдан бөлек 188 мыңнан астам мекенжай, 1863 шаруашылық ауласы, 564 саяжай учаскесі, 98 жалға берілетін пәтер және ішкі істер органдарында есепте тұрған 4346 адам мен 5408 қару иелері тексерілді. Қаруды сақтау ережелерін бұзудың 26 фактісі анықталып, 11 тіркелмеген қару тәркіленді.
Сонымен қатар полицейлер іс-шара өткізу кезінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, алаяқтық пен бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу бойынша профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын атқарды.
Естеріңізге сала кетейік, тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ Түркістан облысында азаматтармен сенімгерлік қатынастарды нығайту мақсатында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Өз кезегінде полиция облыс тұрғындары мен қонақтарынан қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шараларына түсіністікпен қарауды сұрайды.
Түркістан облысында көші-қон заңнамасын бұзған 4,7 мыңнан астам шетелдік анықталды
Түркістан облысында көші-қон қызметінің қызметкерлері ағымдағы жылдың 9 айында көші-қон заңнамасын бұзған 4781 шетелдікті анықтады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары көші-қон саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында шетелдік азаматтардың тұрғылықты жерін, құрылыс объектілері мен базарларды, шетелдіктердің жалдамалы еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілерді тексерді.
Сонымен қатар сот шешімімен 973 шетелдік азамат елден шығарылып, қоғамдық орындарда қайыр сұраған 15 құқық бұзушы жауапқа тартылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған қазақстандық 161 азамат пен көші-қон саласындағы ҚР заңнамасын бұзған 860 адамға шара көрілді.
Айта кетейік, Түркістан облысының полицейлері құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасында заңсыз жүрген адамдарды анықтауға, сондай-ақ заңсыз көші-қон арналары мен көші-қон заңнамасын бұзушылардың жолын кесуге бағытталған профилактикалық және басқа да іс-шараларды тұрақты түрде жүргізуде.
– Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері осы айдың басынан бастап заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға қатысы бар бірнеше қылмыстық топтың жолын кесті.
Қылмыстық схемалар мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, жалған құжаттарды қолдана отырып, шетелдіктерге уақытша тұруға және жұмыс істеуге рұқсат беруді ресімдеу сияқты қызметтерден тұрған, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Сайрам ауданының полиция басқармасына жергілікті тұрғын өзінің жайылымда жүрген 22 бас жылқысын 5 күннен бері іздеп табай алмай жүргенін айтып, полицейлерден көмек сұрады. Хабарламаны алған сәттен бастап оқиға орнына сайрамдық учаскелік полицейлер шұғыл жетіп, мән-жайды анықтады.
Тұрғынмен бірге қыстаулар мен ауыл-аймақтың барлығын тексеріп, іздестіру шараларын жүргізді. Полицейлердің жедел әрекет етуі нәтижесінде 24 сағат ішінде жайылымнан 4 шақырым қашықтықтан, яғни көрші ауыл маңындағы даладан жоғалған жылқыларды тапты.
Полиция қызметкерлерінің кәсібилігінің арқасында табылған жылқылар иесіне қайтарылды. Жылқыларын жоғалтып алған тұрғын хабар алысымен өзімен бірге малдарын іздестіріп, тез арада тауып берген полицейлерге шынайы алғысын жеткізді.