«ҰЛТ ҚАЙРАТКЕРІ – НҰРТАС ОҢДАСЫНОВ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

0
98

Қазақ халқы «мың өліп, мың бірінші мәрте тірілген» халық ретінде талай зобалаң, зұлматтарды басынан кешірген. Соның бірі Кеңестер одағы кезіндегі коммунистік басқарудағы қазақ халқына байлығын тартып алып, зиялыларын итжеккенге айдап, атып-асып, түрмелере қамап көрсетілген теперіштер мен солақай саясат кесірінен жасалған ашаршылық нәубеттері еді. Соның бәріне қосымша Тың және тыңайған жерлерді игеру деген сылтаумен бірнеше миллион әртүрлі этностарды әкеліп қоныстандыру арқылы қазақ халқының санын өз жерінде азшылыққа айналдырып, дәстүрі мен тілін жойып жібере жаздады. Дәл осындай кезеңде қоғамда белсенді болып, мемлекет басқару ісіне араласу, ұлтыңның мүддесін қорғап қалу қиынның қиыны еді. Соған қарамастан сол бір аумалы-төкпелі заманда республикада ел билігіне араласып, халық мүддесін қорғап қалуға үлес қосқан мемлекет қайраткерлерінің бірі – Нұртас Оңдасынов болды.
Сауран ауданының орталығында Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған «Ұлт қайраткері – Н.Оңдасынов» атты республикалық ғылыми конференциясы өтті. Ғылыми жиынды әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті, «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері Құлбек Ергөбек жүргізіп отырды.
Шараға «Оңдасыновтанушы» жазушы, журналист, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Гүлсім Оразалиева, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсын, сазгер, ғалым, «ҚР еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері» Бекжігіт Сердәлі, «Ұлы Дала Елі» орталығының директоры Гүлжанат Дүйсенбекова сонымен қатар басқа да ғалымдар мен оқытушылар жастар, бұқара көпшілік қатысты.
Жиында Н.Оңдасыновтың өмір жолын және оның республиканың әлеуеті мен экономикасын дамытуға, қазақ ғылымы мен мәдениетін, қазақ тіл білімін насихаттауға қосқан үлесін кеңінен насихаттауға бағытталған конференцияның ашылу салтанатында Нұртас Оңдасыновтың өмір жолы туралы деректі фильм қалың көрермен назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, шара барысында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев мінберден құттықтау сөздерін айтып, Н.Оңдасыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндамалар жасалды.
Әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек Оңдасыновтың мемлекетті 13 жыл әділ басқарғанын, сондай-ақ оның басты қасиеті — еңбекқорлығы екенін баса айтты. Міне, осылайша 1922-1927 жылдар аралығында Ташкент орман шаруашылығы техникумында оқып, 1938-1951 жылдары Қазақстан үкіметін басқарып, 1954-1955 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болып сайланып, қазақ үшін аянбай еңбек еткен қайраткердің артына қалдырған мұрасын елге жеткізу мақсатында ұйымдастырылған конференцияның кейінгі ұрпаққа берері мол екені кеңінен насихатталды.