МЕРЗІМДІ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ МӘСЕЛЕСІ ПЫСЫҚТАЛДЫ

0
80

Қазақстан Республикасында мемлекеттік шекараны қорғау, елдің дербестігін қорғау, сыртқы дұшпандардың мүмкін болатын шабуылын тойтару сияқты Отан қорғау мңндетңн атқару үшін жыл сайын көктем және күз айларында Қазақстан Қарулы күштері қатарына жас азаматтар шақырылып, әскери міндеттерін орындауы конституциямызбен міндеттелген. Еліміз бойынша қыркүйек айынан бастап күзгі мерзімге әскерге шақыру науқаны басталған болатын. Осыған байланысты Арыс қаласы әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтановтың төрағалығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде кезекті жиын өтті.
Жиынға қалалық біріктірілген қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Ерлан Біләлов пен ауылдық округ әкімдікдерінің мамандары қатысты.
Маңызды басқосуда қала әкімінің орынбасары күзгі мерзімдегі әскери қызметке шақыру жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, әскери қызметке шақырылушылардың уақытылы дәрігерлік тексеруден өтуін қамтамасыз ету, әскерден жалтарып жүрген азаматтарды әскерге тарту және әскери қызмет етудің маңыздылығын насихаттау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, тиісті жұмыстарды дұрыс үйлестірмеген ауыл әкімдіктерінің де мәселелері қаралып, кемшіліктер қалпына келтірілмесе шара көру бойынша ұсыныс енгізілетіндігі баса айтылды.
Айта кетейік, биыл қала мен ауылдарды қосқанда 120 азаматты әскерге шақыру жоспарланған. Қазіргі таңда 35-тен астам азамат әскерге аттанды. Арыс қаласынан әскерге шақырылған азаматтар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне, Қазақстан республикасының қарулы күштері, ҚР Ұлттық ұланы, Мемлекеттік Күзет қызметі, ТЖ министрлігі әскері сапына борыштарын өтей алады.
Қазіргі таңда әскерге аттанған азаматтарға мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар қарастырылған. Атап айтқанда, несиесі бар азаматтарға 13 айлық каникул, бұдан бөлек, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне қарай әскери қызметшілерге жоғары оқу орнының гранты есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі беріледі.
Бүгінде еліміздің барлық өңіріндегі 40-қа жуық жоғары оқу орны әскери борышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдік жасайды. Бұл бастама да азаматтардың әскерге баруға құлшынысын оятуға бағытталған.
Қазақстан Қарулы күштерінің қатарында азаматтық борышын өтеуге баратын жастарды мектеп қабырғасынан бастап әскери дағдыларға, жауынгерлік міндеттерге дайындау Түркістан облысында жақсы жолға қойылған. Таяуда Сауран ауданында Түркістан облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен жас сарбаздар арасында облыстық “Біз жауынгер” сайысы өтті.
Аталған сайыста эстафета, садақ ату, жалпы әскери қорғаныс жинағын кигізу және газтұмылдырық кию, АК-74 толық емес бөлшектеу және жинақтау сынды 4 кезеңнен тұратын сайысқа аудан, қалалық мектептердің 8-11 сынып оқушылары қатысты.
Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар:
Бас жүлде — Кентау қаласы,1-орын — Сарыағаш ауданы, 2-орын — Сайрам ауданы, 3-орын — Арыс ауданы иеленіп, қаржылай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды. Сонымен қатар,қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары да табысталды.
Сайыстың мақсаты — қатысушылардың физикалық дайындығын, ерік-жігерін, тактикалық ойлау қабілетін, командалық жұмысын дамыту. Сондай-ақ, жастарды тұлғалық және патриоттық құндылықтарға тәрбиелеу, сайыс барысында қатысушылардың түрлі әскери тапсырмаларды орындауы арқылы жедел шешім қабылдау дағдыларын тексеру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу.