ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР-КЕҢЕСІ ӨТТІ

Мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқы барлық қазақстандықтарды ұйыстырушы, біріктіруші ұлт болғандықтан да елімізде қазақтың ұлттық құндылықтары мен адамзаттың адамгершілік құндылықтарын өркендету, жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Түркістан облысында жиырмадан астам этностық топ өкілдері өмір сүретіндіктен бұл мәселеге ерекше мән беріліп отыр. Өзбек этносы жинақы қоныстанған Сайрам ауданында да бұл мәселе бойынша іс-шаралар үнемі өткізіліп келеді.
Сайрам аудандық мәдениет үйінде «Қазақтың дәстүрлі өнері, жыр термесі» тақырыбында облыстық семинар-кеңесі өтті. Шараны Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Алипов және Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан ашып беріп, семинар-кеңестің маңыздылығына тоқталды.
Ұлттық шығармашылықты дамытуға бағытталған шараға облыстың аудандық, қалалық және ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың дәстүрлі ән өнері үйірмелерінің жетекшілері қатысты. Олар алдымен Сайрам ауданының қолөнер шеберлерінің туындыларынан жасақталған көрмені аралап, аудандағы дәстүрлі әншілердің концерттік бағдарламасын тамашалады. Содан соң дәріске ұласты. Шарада Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан модераторлық етті.
Семинар-кеңесті ҚР Мәдениет қайраткері, Астана қаласынан келген дәстүрлі өнер майталманы Светлана Мырзабаева бастап, «Домбырамен ән айтудағы шеберлік және орындаушылықты меңгеру» тәсілдерімен бөлісті. Тақырып аясын кеңінен аша түсті. Ал ҚР Білім беру саласының үздігі, Шымкент қалалық Саз колледжінің ұстазы Әлімжан Серікбаев «Арқа, Жетісу, Оңтүстік мектептерінің ән салу ерекшеліктері» жөнінде өз тәжірибелерін көрсетті. Бұдан бөлек, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Ұлттық шығармашылық және жанрлар жөніндегі» маманы Аяз Рүстемов «Дәстүрлі ән, терме, жыр орындаушылықты жас буынға үйрету тәсілдері» жөнінде баяндама жасады.
Айта кетейік, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен семинар-кеңестің мақсаты дәстүрлі ән өнерін дамыту мен насихаттауға бағытталған.
Қаладағы “Бекзат” саябағында «Тұғыры биік, киелі мекенім — Түркістан» атты концерттік бағдарламасы жалғасын тапты.
«Қала күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада қалалық “Мәдениет үйінің” өнерпаздары жиналған көпшілікке ән мен жырдан шашу шашып, көрермен ризашылығына бөленді.
Түркістанда «Қала күні» мерекесіне орай, қалалық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Амфитеатр» ғимаратында қала жастарының арасында еркін форматта «Караоке кеші» өтті .
Жастар арасында мәдени орта қалыптастырып, уақытын тиімді пайдалану мақсатында өткізілген шарада 200-ге жуық жас жиналды. Ән кешінде олар өздеріне ұнайтын танымал жұлдыздардың ырғақты әуендері мен патриоттық жанрдағы әндер шырқап, эмоцияларымен бөлісті. Жиын соңында жастар естелік суретке түсіп, караокені ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.
Ал, Сауран ауданында «Ауылым – алтын бесігім» атты байқау басталды. Сайыстың негізгі шарты ұлттық құндылықты ұлықтап, ауыл мәдениеті мен өмірін көрсету. Ауылдың кең тынысты кемел жандарын танытатын сайыс 8-18 қазан аралығында өткізілуде. Үздік деп танылғандар Республика күні қарсаңында марапатталатын болады.
Мәдениет үйлері арасында өтетін байқауда қатысушыларға қойылатын нақты талап жоқ. Тек әр ауыл өздерінің креативті идеялары арқылы, салт-дәстүрді насихаттай білсе жеткілікті.
Жалпы ауданда қазақ, өзбек азаматтары тұрады. Сондықтан кей ауылдар өзгелерден ерек болу үшін қос ұлттың дәстүріндегі айырмашылықпен ұқсастықты үйлестіруге тырысқан.