МӘМС ЖҮЙЕСІНЕ КІРЕТІН САНАТТАР БОЙЫНША АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР САРАЛАНДЫ

Президент биылғы Жолдауында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді. Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ.
Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды» деп сақтандыру жүйесінің жұмысын ширатуды тапсырды.
Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Әліповтің төрағалығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша кезекті мәжіліс өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары және Сайрам аудандық орталық ауруханасы өкілдері қатысты.
Басқосу барысында Сайрам аудандық орталық ауруханасы өкілі «Сайрам аудандық орталық ауруханасына» қарасты ауылдық округтерде МӘМС Д, Е санаттары бойынша тіркелген тұлғалардың тізіміне тоқталды. Бұдан бөлек, тиісті бөлімдер тарапынан бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы тиісті сала басшыларына тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халыққа медициналық көмектің сапасы мен колжетімділігін жоғарылату, бұл бағытта халықтың барлық санаттарын жұмылдыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді.
Сол сияқты аудан орталығында орналасқан «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» «Республика күніне» орай, зағип жандар арасында спорттық сайыс ұйымдастырылды.
Аталған шарада аудан әкімінің орынбасары Шухрат Убайдуллаев сөз тізгінін алды. Өз кезегінде, мұндай сайыстар жанары әлсіз жандардың мәдени-қоғамдық өмірден қол үзіп қалмауына ықпал жасайтынын атап айтты.
Спорттық дода барысында аудандағы толық немесе жартылай көзі көрмейтін азаматтар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ және қол күрестен түрлерінен бақтарын сынады. Көзі көрмейтін жандарды өмірге бейімдеуге бағытталған бәсекеге Түлкібас,Төлеби, Қазығұрт және Сайрам ауданы азаматтары қатысты.
«САУАТТЫ ЖАРНАМА»: ҚАРАБҰЛАҚТАҒЫ КӘСІП НЫСАНДАРЫ ИЕЛЕРІНЕ ЖАРНАМА ЖАЗУЛАРЫ ТУРАЛЫ КЕҢІНЕН ТҮСІНДІРІЛДІ
Сайрам ауданында жүргізіліп жатқан «Сауатты жарнама» акциясы көрнекі ақпараттардағы тіл тазалығын сақтау төңірегіндегі түсіндіру жұмыстары Қарабұлақ ауылында жалғасты. Акция аясында Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының 21-бабындағы Көрнекi ақпарат мәтiні кәсіп иелеріне түсіндірілді.
Тексеру, түсіндіру жұмыстары Қарабұлақ ауыланың кіре берісінен бастау алды. Ең көп кәсіпкерлік нысандардың бірі самса орталығы екені анықталды.
Тексеру барысында әрбір самса орталықтарының мәзірінде енгізілген орысша атаулардың аудармасы жазылып, хабарлама берілді. Бұдан бөлек, ауыл орталығында орналасқан «NIK, «Electron» сауда орталығы, «Мохира» әйелдер киімі, «Феруза» тігін шеберханасы, «NER KOMP» дүкені, «DAK 707» такси қызметі, «NIK» оқыту орталығы, т.б 40-қа жуық кәсіп нысандары иелеріне жарнама жазуларындағы кемшіліктерді түзету жұмыстары кеңінен түсіндірілді.
Оның ішінде — 17-сі түзетіліп, 24 кәсіпкерлік нысан иесіне ауыстыру үшін уақыт берілуіне байланысты хабарлама жолданды. Сондай-ақ, аталған ауылдағы көше атауы жазылған бірнеше аншлагтардың ескіргені анықталды. Ол жөнінде ауыл әкімдігіне ұсыныс жасалынды.
Аталмыш акция аясында аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандарды Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Даулетхан Алашбаев бастаған топтық мүшелер аралап шықты.
Тіл жанашырлары тұрғындарды көшелердегі сыртқы (көрнекі) жарнамада кездесетін кез келген қателікке бейжай қарамауға шақырып, сауатсыз жарнамаға жол бермеуге, қандайда бір заңға қайшы келетін жарнама, нысан атауларын көрген жағдайда, Сайрам ауданының тілдерді оқыту және дамыту орталығының 87752911992 нөміріндегі «Whatsapp» мессенжеріне хабарласуларын сұрайды.