Қазақстанның қай өңірінде болсын туризмді дамытудың алғышарттары

Қазақстанның қай өңірінде болсын туризмді дамытудың алғышарттары жеткілікті. Тек оны дамытудың жолдарын, тың шешімдерін тауып, сервистік қызметтердің сапасын жақсартуды қолға алу қажет. Түркістан облысында туризмнің көптеген салаларын дамыту бойынша облыстың барлық аймақтарында жұмыстар жүрізілуде. Туризм нысандарына баратын жолдардың электр жарықтарының, басқа да қажеттіліктердің сапасы арттырылуда. Түркістан өңіріне қызығушылық танытушылар қатары артып келеді. eQonaq ақпараттық жүйесіне жыл басынан бері Түркістан облысына келген 17419 шетелдік қонақ тіркелген. Атап айтсақ, Өзбекстаннан 10 920, Ресейден 1425, Қытайдан 989, Түркиядан 751, Қырғызстаннан 438, Үндістаннан 368, Франциядан 300, Германиядан 217, АҚШ-тан 192, Италиядан 177 азамат келген.
Сонымен қатар eQonaq жүйесі қонақтар ең көп тоқтаған үздік 5 қонақ үйдің тізімін ұсынды. Бірінші орында – 2317 туристті қабылдаған «Karavansaray Turkistan» қонақ үйі, екінші орында – 1891 қонақты күткен «Hampton by Hilton» қонақ үйі, үздік үштікте 821 шетелдік орналасқан «Rixos Turkistan» қонақ үйі бар. Бұдан бөлек, «Grand Khanaka» қонақ үйіне 274 турист, «Silk Way Turkistan» қонақ үйіне 218 шетелдік қонақ тоқтаған.
eQonaq – туристік ағынды және көші-қонды бақылауды жинауға және есепке алуға арналған ақпараттық жүйе. Аталған жүйе орналастыру орындарының бірыңғай реестрін құру, туристердің келу-кету әрекеттерін бақылау және есепке алу, турист ағымын және портретін сараптау, сондай-ақ туристердің тұрақтау кезіндегі тұрмыс сапасын жақсартуға арналған алуан қызметтерді ұсынады.
Облыс әкімі Дархан сатыбалды бұған дейін туризмді дамытуға байланысты қыркүйек айының басында өткен жиында:
– Біздің облысқа туристерді тартудың бірден бір жолы, оларға сапалы әрі дұрыс қызмет көрсете алу деп ойлаймын. Бұл біздің ең бірінші міндетіміз болуы тиіс. Бұдан бөлек жаңа жобалар қолға алынып, жан-жақты қызықтыруымыз керек. Маусым айында Мемлекет басшысы туризм мәселелері бойынша жиын өткізіп, бірқатар тапсырма берген болатын. Қысқа мерзімде туристік өнімдер мен туристер санын арттыру үшін Күлтөбе қалашығы мен Қолөнершілер қаласы жобасын жүзеге асырып, экотуризмді дамыту қажет. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарға негізделген шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар мен тағамдарды ұсыныңыздар. Сервис деңгейін жақсарту мақсатында туристік бизнес өкілдерін оқыту жұмыстарын тұрақты жүргізіңіздер, – деді облыс әкімі.
Облыс орталығынан алыс орналасқан нысандарда сервисті жақсарту үшін ұсынылған визит орталықтар мен модульдік ғимараттарда электронды аудиогидтар орнату керек. Мысалы әлемнің танымал музейлерінде смартфондарға орнатылған электронды аудиогидтар пайдаланылады. Сондай-ақ, электрокарлар жұмыстарын реттеу, жүргізушілеріне экскурсиялық кітапшалар тарату, оқытудан өткізуді, маршрутын бекіту қажет.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірдегі туризм саласын дамыту бойынша жол картасы бекітілді. Жол картасында туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, «Open Turkistan» мен аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қарастырылған. Нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен ішкі туристердің санын 25%-ға, шетелдік туристердің санын 2,5 есеге, туризм саласындағы қызмет көлемін 30%-ға жеткізу күтілуде.