ТҮЛКІБАСТА ОНКҮНДІКТІҢ АШЫЛУЫ ӨТТІ

0
80

Қазақстан Республикасында ұлтаралық, этносаралық қатынастардың жетілдіріліп, қазақ жерін мекендеген барлық этнос өкілдері қазақ ұлтының айналасына топтасу арқылы ынтымақ пен бірлікте, өзара түсіністікте ел болашағы үшін еңбек етуі тиіс. Сонда ғана мемлекеттің болашағы, оны мекендеген азаматтардың болашағы жарқын болады. Сондықтан да, қазақ халқы барлық қазақстандықтарды ұйыстырушы, мемлекеттік тіл барлық этностардың қарым-қатынас тіліне айналуы қажет.
Түлкібас ауданының білім бөлімінің әдістемелік кабинеттің ұйымдастыруымен, Түркістан облысы білім басқармасының «Білім беруді дамыту орталығының» жоспарына сәйкес, 2024 жылдың 14 қазан күні 14-24 қазан күндері аралығында «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын жетілдіру» жобасы аясында «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттыру: мақсат, функционалдық сауаттылық, патриотизм» тақырыбында онкүндіктің ашылуы А.Макаренко атындағы ЖББМ-нің базасында өтті.
Онкүндіктің ашылуы аудан бойынша 12 білім беру ұйымдарында орыс, өзбек тілдерінде оқытатын мектептерде салтанатты түрде өткізілді.
Онкүндікті Түлкібас ауданының білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Г.Оразбаева сөз алып, ашып берді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру көзделеді. Мемлекет басшысы нақты шаралар негізінде еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасау және қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.
«Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын жетілдіру» тақырыбындағы 2023-2025 жылдарға арналған шығармашылық және зерттеу жұмысының жобасы «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1045 қаулысын, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі №151 Заңын, «Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің таңдау курсының үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі №399 бұйрығын, «Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім аралық аттестаттау негізгі орта білім беру деңгейінің 5-8, 10-сыныптарына «Қазақ тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша аралық қорытындылау емтиханын өткізу және емтихан тапсырмаларын құрастыру туралы» ережесін басшылыққа ала отырып әзірленетінін оқушыларға мемлекеттік тілді білу — парыз екенін айтып, онкүндіктің ашылуына орай ұйымдастырылған мәдени-танымдық іс-шараны ашты.
Салтанатты іс-шараға Түлкібас ауданының білім бөлімі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Г.Оразбаева, мектеп әкімшілігі, 5-11 сынып оқушылары мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің педагогтері қатысты.
Мерекелік іс-шара барысында 5, 11- орыс сынып оқушылары А.Құнанбаевтың, Мұқағали Мақатаев, М.Жұмабаев, Қ.Мырзалиевтің қазақ тілі, ана тілі туралы шығармаларын нақышына келтіріп жатқа мәнерлеп оқыды, мың бұралған биші қыздарымыз ұлттық биімізді, әнші өнерпаз оқушыларымыз «Қазақ тілі » әнін орындады. Сонымен қатар, пән мұғалімдері ұлттық аспап — домбырамен шәкірттерімен » Ерке сылқым», «Адай» күйлерін, музыка пәнінің мұғалімі Л.Аяпова 7-сынып оқушыларымен хор » Атамекен» әнін шебер орындатқызды.
Іс-шараның екінші практикалық бөлімінде аралас мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің өзара тәжірибе алмасуымен жалғасты. Атап айтсақ, «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттыру» , «Мемлекеттік тіл-менің тілім» , «Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында оқушылардың тыңдалым дағдысын қалыптастырудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыптарында пән мұғалімдері баяндама жасап, іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттыру аясында аудан көлемінде онкүндік жоспар аясында барлық іс- шаралар жалғасын таба бермек.