ТҰРҒЫН ҮЙ, МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАР ҚҰРЫЛЫСЫ БАҚЫЛАУДА

0
91

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды, бюджеттің қаражатын тиімді пайдалана отырып, өңірлерді дамытудың қарқынын арттыру қарастырылған. Ең алдымен тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету, инфрақұраламдарды жетілдіріп, әлеуметтік нысандарды көбейту, білім мен денсаулық саласындағы жағдайды жақсартып, жайлы да заманауи білім ордаларында білім алып, шалғай елдімекендерге дейін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, тұрғындарды баспанамен қамту мәселелерін шешу тапсырылған.

Түркістан облысында құрылыс нысандарын жүргізу барлық аймақтарда жоспарлы түрде қарқынмен жүргізіліп келеді. Оның ішінде азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету, денсаулық саласында көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша да жұмыс жасалынуда.

Қазығұрт ауданы орталығында қазіргі таңда 1500-ге жуық тұрғын баспана кезегіне тіркелген. Тұрғындарды жайлы баспанамен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жоспар құрылған.

Биылғы жылы Қазығұрт ауылы Болашақ мөлтек ауданында «Урба Стандарт» ЖШС-і 2 қабатты 40 пәтерлі 5 тұрғын үй құрылысын бастап, жыл соңына дейін құрылысын аяқтауды жоспарлаған. Ал, аудан әкімдігі тұрғын үй тапшылығын реттеу мақсатында құрылған арнайы жоспарға сай бұл үйлерді белгіленген тәртіппен сатып алып, үй кезегінде тұрған тұрғындарға беруге ниетті. Осы бағытта салынып жатқан 5 тұрғын үйдің құрылысы барысын көріп, сапасымен танысу мақсатында аудан әкімі Азизхан Исмаилов нысан басына арнайы барды. Мердігер мекеме басшыларымен және тиісті мекеме басшыларымен бірге әрбір үйдің іші-сыртын аралап, қолданылып жатқан құрылыс заттарын көріп, сапасына көз жеткізді.

Аудан әкімі Азизхан Азимханұлы құрылыстың сапасы басты назарда болу керегін тілге тиек етіп, тұрғын үйді салып жатқан мердігер мекеменің жұмысына оң бағасын берді.

Сондай-ақ, аудан әкімі Азизхан Исмаилов жеке жұмыс жоспарына сәйкес Қазығұрт, Қызылқия және Қ.Әбдәлиев ауыл округтеріне жұмыс сапарымен барды. Іс сапары барысында айтулы ауыл округтерде салынып жатқан медициналық нысандарды аралады. Атап айтқанда, Қазығұрт ауыл округіндегі «Ащыбұлақ» дәрігерлік амбулаториясының құрылысы және инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстарын көрсе, Қызылқия және Қ.Әбдәлиев ауыл округтеріндегі фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы және инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстарын бақылады.

Аймақ басшысы Азизхан Азимханұлы нысан басында мердігер мекеме басшыларымен кездесіп, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға үлес қосатын бұл медициналық нысандардың маңыздылығын жеткізді айтып, сапасына көңіл бөлу керек екенін қатаң ескертті. Сондай-ақ, кемшіл тұстарын көрсетіп, қосымша тұрғындардың және өзінің ұсыныстарын жеткізді.

Сол сияқты, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықпен тығыз байланыс орнату, жекелеген азаматтардың өтініштерін, ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Қазығұрт, Қ.Әбдәлиев, Жаңабазар және Жігерген ауыл округтерінен келген бірнеше тұрғындармен жеке қабылдау өткізді.

Жеке қабылдауға аудан әкімінің орынбасары, тиісті бөлім-мекеме басшылары мен мамандары, ауыл округі әкімдері қатысты. Аудан әкімінің қабылдауына келген тұрғындар тұрғын үй мәселесі, медициналық бекет құруға ұсыныс, жол төсеу, көше жарығы, электр бағаналарын ауыстыру мәселелері бойынша сұрақтарын қойып, өтініштерін айтты. Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы барша сұрақтар мен өтініштерді тыңдап, нақты дәлелдермен жауап қатып, тиісті бөлім басшыларына заң аясында өтініштердің шешімін табуды тапсырды.