БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕ СЕМИНАР ӨТТІ
Қазақстан Республикасында өңірлерді дамыту, жұмыспен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті насихаттай отырып, мемлекеттік қолдаудың арқасында көбейтіп, санын арттыру мақсатында «Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы іске қосылған. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бірқатар бағдарламалар мен жобалар пайдаланылып, солар арқылы жеке кәсібін ашушылар мен шағын кәсіпкерлік шаруашылықтарын кеңейтіп, өнім өндіру көлемін арттыруға қолдау жасалынады. Сол сияқты мемлекет арапынан берілетін субсидялар мен мемлекеттік гранттар арқылы да кәсіпкерлікті бастап, дамытуға мүмкіндіктер жасалынған.
Түркістан облысында өңірлерді дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылып, барлық аудандардағы резервтерді, табиғи, басқа да мүмкіндіктерді толық пайдалану бойынша да жұмыстар атқарылуда. Солардың арасында соңғы жылдары облыс әкімінің бастамашылдығымен аудандардағы өзен, су ресурстарын пайдаланып, жасанды су қоймалары мен тоғандарды пайдаланып балық шаруашылығын дамыту жұмыстары да жүзеге асырылып жатыр.
Бәйдібек ауданыныңАқбастау ауылдық округіне қарасты «Шоқ-Талап» шаруа қожалығында балық шаруашылығын құру және оны дамыту мәселелері жөнінде семинар өтті. Семинарға аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жануарлар және өсімдіктер дүниесін қорғау пайдалану бөлімінің бас маманы Абай Сәдірхожа және балық шаруашылығын ашуға үміткер шаруа қожалықтарының төрағалары қатысты.
Бұл іс-шараның мақсаты — аудан аумағында ағымдағы жылы ашылған балық шаруашылығы жұмыстарымен танысу және балық шаруашылығын ашқан кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу.
Семинарда «Шоқ-Талап» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Омарбеков өзінің балық шаруашылығының жұмыстарымен таныстырып, жинақтаған тәжірибесімен бөлісті. Айта кетейік, шаруа қожалығы 2 гектар аумақта жасанды көл жасап, оған 1600 дана сазан шабақтарын ағымдағы жылдың сәуір айында жіберген.
Іс-шарада Түркістан облысының «Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу» басқармасы жануарлар және өсімдіктер дүниесін қорғау мен пайдалану бөлімінің бас маманы балық шаруашылығын жүргізу бағытындағы негізгі атқарылатын шараларды заңнамалық тұрғыда түсіндірді және қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар берді.