КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ӨНЕРКӘСІП АЙМАҚТАРЫН КӨГАЛДАНДЫРУ ЖӨНІНДЕ ТАПСЫРМА БЕРДІ
Қазақстан Республикасының Президенті биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономиалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын қазақстандықтарға Жолдауында «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама.
«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады» деп жалпыұлттық экологияны жақсарту шарасының маңызына тоқталды. Сол сияқты «Жасыл аймақ» бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығы да жоғары. Өйткені елімізде орман алқаптары аз, байтақ даламызда далалы жазықтар мен шөлейіт аймақтар көп. Сондықтан да Мемлекет басшысының бастамашылдығымен бірнеше жыл бұрын басталған «Жасыл аймақ» акциясының арқасында миллиондап көшеттер егілуде. Жылдағыдай биыл да Түркістан облысында жүздеген мың көшет егу науқаны басталып жатыр. Сонымен қоса облыс әкімі әрбір нысан салынғанда, мекеме, өндіріс орындарының айналасын көгалдандыруды да ұмыт қалдырмауды қадағалап отырады.
Әр кәсіпкер өндіріс орнының айналасын қоршап, тал егу керек. Кәсіпорындардың жұмысын пысықтаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өнеркәсіптік аймақтарын көгалдандырудың маңыздылығына тоқталып, кәсіпкерлерге зауыт маңын реттеуді міндеттеді. Кәсіпкерлерді өндірісті кеңейтіп, терең өңдеуге көшудің маңыздылығын түсіндірді.
Сауран ауданы, Шаға ауылдық округі, Қазақстанның ХХХ жылдығы елді мекеніндегі ЖШС «EURO BETON» бетон зауыты бетон бұйымдарының барлық түрлерін шығарады. Төрт жыл бұрын іргетасы қаланған зауыт 2,5 гектар жерде орналасқан. Отандық өнімның бағасы қолжетімді. Сұраныс та жоғары. Зауытта 100-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді.
Сауран ауданы облыс әкімінің жіті бақылауымен өндіріс аймағына айналуда. 2030 жылға дейін ауданда 53,1 млрд. теңгенің 85 жобасын іске асыруды жоспарланған. Атап айтқанда, тоқыма бұйымдарын өндіру, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын шығару, жиһаз, пластмасса бұйымдар өндіру, құрылысқа қажетті материалдарын шығаратын зауыт, фабрикалар жұмыс бастайды. 2,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, кіріс артпақ. Өндіріс алаңдары құрылады.