ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ ЕҢ ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНІНЕ ГАЗ БЕРІЛДІ

0
74

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыруда Түркістан облысында, оның өңірлерінде нәтижелі жұмыстар жасалынып жатыр. Әсіресе, ауылды жердегі елдімекендерге инфрақұрылымдар жүргізу жұмыстарының қарқыны жақсы. Сапалы ауызсу, табиғи газ, электр энергиясы мен автокөлік жолдарын салу және жөндей жұмыстары жоспарға сай атқарылуда.

Түлкібас ауданының орталығынан ең шалғай орналасқан Иірсу ауылына газ берілді. Өткен жылдардан өтпелі болып іске асқан газ құбырын тарту жұмыстары биыл толығымен аяқталып, нәтижесінде 21 шақырымнан астам құбыр тартылып, ауданның ең биік нүктесіндегі елді мекенде орналасқан 26 үй мен 4 мемлекеттік коммуналдық мекемені көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде.

Игі шараға аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесен, аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұстафа Телғараев, ауыл әкімі мен жауапты мекемелер өкілдері қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен құттықтап, алғашқы үйге газ қосу сәтін бірге тамашалады.

Ауыл тұрғындары құрылыс жұмыстарының бас қасында жүріп, игі іске мұрындық болған жандарға алғыстарын жеткізіп, ақ баталарын берді.

Сондай-ақ, «Серпін-2050 мәңгілік ел жастары-индустрияға» бағдарламасына бөлінген мемлекеттік гранттар бойынша үгіт-насихат жұмыстары “Майлыкент” жалпы орта мектебінде жүргізілді.  «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады. Қазір халықтың жобаға деген қызығушылығы орасан зор. Бұл жоба жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік берері сөзсіз.