ӨҢІРДІ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСАДЫ

0
48

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» аталатын биылғы Жолдауында Президент өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына депутаттар тарапынан да белсенді жұмыс жасалып отыуры қажеттігін айтты. Кейбір мәселелерде халық өкілдері тиісті шешімдер қабылдап, жергілікті әкімдіктердің жұмысының қарқынды жалғасуына, және өңірді дамытудағы заңдылықтар мен шешімдер жүзеге асырылуына ықпал етулері тиіс.

Сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс он үшінші сессиясы өтті. Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов қатысты.

Сессияда Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы №7/85-VIII «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекетттік міндеттемелерді қабылдау туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 24 тамыздағы №14/172-VI шешіміне өзгеріс енгізу туралы; «Түркістан облысының халқын орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу Ережесін бекіту туралы» 2019 жылғы 9 желтоқсандағы № 44/476-VI шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселелері қаралып, тиісті шешім қабылданды.

Сессияны облыс әкімі Дархан Сатыбалды қорытындылап, өңірді дамыту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасатынын жеткізді.

– Алдымен баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын! Мемлекетіміз қуатты, әр күніміз шуақты болсын! Бүгінгі сессияда көтерілген маңызды мәселелер талқыланып, олар бойынша шешімдер қабылданды. Сессия барысында қаралған мәселелерге бірауыздан қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Мемлекет тарапынан Түркістан облысын дамытуға үлкен қолдау көрсетілуде. Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Аймақты дамыту, инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейту бағытындағы бастамаларға оң бағасын берді. Біздің басым бағытымыз – өндіріс орындарын, зауыттар, жұмыс орындарын ашу. Осы бағытта сіздермен бірлесіп жұмыс істейміз деген сенімдемін, – деді Дархан Сатыбалды.

Сонымен қатар, 25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында Түркістаноблысында ондаған жаңа нысандар пайдалануға берілді. Оның ішінде әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, білім, денсаулық, спорттық нысандар да бар. Сондай нысаннның бірі облыс орталығында  пайдалануға берілген 260 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үй. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, азаматтарға баспана кілтін табыс етті.

– Сіздерді Республика күнімен құттықтаймын! Егемен еліміз мәңгі жасасын! Осындай айтулы мереке қарсаңында облыс орталығының тұрғындары қуанышқа бөленіп отыр. Біз халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Бізден бір ғана талап – айналаны таза ұстап, тазалықты сақтау, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан қаласының «Отырар» секторы аумағында 20 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның ішінде 9 тұрғын үйді «Бастау» корпорациясы арқылы сатып алу жұмыстары жүргізіліп, кезекте тұрған азаматтарға үлестірілуде. Бүгін 3 тұрғын үй 123 көпбалалы отбасына, 129 халықтың «әлеуметтік жағынан әлсіз топтары» санатына енетін азаматтарға және 8 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға берілді.

Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде баспанаға мұқтаж 16 515 азамат тұр. Жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл облыс орталығында кезекте тұрған 222 отбасы арендалық баспанамен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар жыл соңына дейін кезектегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 1728 пәтерлі 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.