ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДА ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫНА МӘН БЕРІЛЕДІ

Мемлекет басшысы қарапайым еңбек адамының маңдай терін бағалап, оларға барлық деңгейде құрмет көрсету керектігін бұрынғы жолдауларында ерекше айтқан болатын. Сол сияқты Президент жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастардың жұмысшы мамандықтарын меңгеруіне ықпал ету қажеттігін айтып, биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Халықты жұмыспен қамтуда жаңа жұмысшы мамандықтарына байланысты жұмыс орындарын көптеп ашудың, сол мамандықтарды игерген жастарды неғұрлым көбірек жұмысқа тартудың маңыздылығы зор. Бұл міндетті іске асыруда өңірлердегі жұмыспен қамту орталықтары ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды негізге ала отырып Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмасын жүзеге асыруы тиісті.
Биыл Түркістан облысында 120 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның 60 %-дан астамы тұрақты жұмыс орындары. Бұл жұмыстар «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында және Ұлттық жобалар мен Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде «Жаңа жұмыс орындарын құру және халықты жұмыспен қамту туралы» облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндамасы тыңдалды.
Жұмыспен қамту – басты міндет екенін айтқан облыс әкімі осы жылға бекітілген индикаторлардың мерзімінде толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен барлық аудан, қалада ашылатын «Отбасын қолдау орталығының» жұмысын жүйелеуді міндеттеді. Отбасында зардап шеккендер осы орталықпен байланысып, жаңадан ашылып жатқан орталықтардан психологиялық, құқықтық және консультациялық көмек алады.
– Аудан, қала әкімдері Мемлекет басшысының тапсырмасын мерзімінде және сапалы орындауы қажет. Сондықтан шұғыл түрде нақты шаралар қабылдап, орталықтың ашылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Жұмыспен қамту – басты бағдар. Тұрақты жұмысқа орналастыру жұмыстарын күшейту керек. Қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етуді, 2021 — 2025 жылдарға арналған Даму жоспарының орындалуы қамтамасыз етілсін, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Тұрғындарды лайықты жұмыспен қамту және әділ төлемақы төлеу – мемлекеттің басты саясатының бірі. Бұл бағытта елімізде бірнеше бағдарлама жүзеге асырылуда. Биыл білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларда жаңадан салынған нысандарға және субсидияланатын жұмыс орындарын аяқтағандарға тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.
Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланып, әрбір еңбек адамының қоғамдағы рөлін айрықша атап өтуге бағытталған. Осыған орай, таяуда «Ұлы дала елі» орталығының ұжымы қала тазалығын қамтамасыз етіп жүрген жандарға құрмет көрсетті. Қыс ауасында таңмен таласып жұмыста кіріскен тазалық қызметкерлеріне жылы шай мен тәттілер ұсынып, көңілдерін көтерді.
– Бұл шараны өткізудегі мақсатымыз – қаламыздың тазалығы үшін тер төгіп жүрген жандарға алғыс айтып, бір сәт болса да қуаныш сыйлау. Сондай-ақ қолдау көрсетіп, олардың еңбегін бағалау ретінде ұйымдастырдық. Өйткені олардың еңбегі қоғам үшін өте маңызды. Әрбіріміз құрметтеуге тиіспіз, – дейді мекеме басшысы Гүлжанат Дюсенбаева.
Айта кетейік, еңбек адамдарын қолдауда айрықша маңызға ие мұндай игі іс-шаралар әрі қарай да жалғасады. Қарапайым жанашырлықтың өзі олардың еңбегін одан әрі бағалауға сеп болмақ.