МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУҒА МӘН БЕРІЛУДЕ

0
46

Қазақстан Республикасында мақта дақылын егіп, өңдеумен Оңтүстік аймағында ғана айналысады. Нарықтық заманда мақта нарығында көш соңында қалып, басқа елдерге тәуелді болып қамау мақсатында облыста мақта- тоқыма кластерін дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында бірнеше жылға арналған арнайы өңірлік жол картасы да бекітілген. Соған орай облыс басшылығы мақта дақылын өндірумен бірге тоқыма-тігін кластерін дамыту арқылы дайын өнім өндіру арқылы мақта дақылынан алынатын пайданы арттыру бағытында жұмыс жасауда.
Түркістан облысында мақта нарығына экспорттық тәуелділікті жою, тоқыма-тігін саласын дамыту мақсатында «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілген болатын. Жол картасына сәйкес, өңірде 9 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 14 мың жұмыс орны ашылып, жыл сайын салық түсімі 26,2 млрд теңге құрайтын болады деп жоспарланған. Аталған жоспардың орындалу барысы облыс әкімдігінде арнайы талқыланды.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров мақта кластерін дамытудың маңызына тоқталып, жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Мақта кластеріне қатысты жоспарды тағы да нақтылап, қарап шығыңыздар. Келісілген инвесторлармен байланысты үзбей, жобаларды жүзеге асыруға ықпал етіңіздер. Мақта кластерін дамыту көзделіп отырған аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшылары жұмысты күшейтуі тиіс. Екіншіден, мақта алқаптарына су үнемдеу технологияларын енгізуде өңірде ашылған кәсіпорындар тартылуы қажет, – деген Нұралхан Көшеров мақта кластерін қалыптастыруға арналған жобалардың инфрақұрылымын тарту, ұйымдастыру жұмыстарын кешіктірген әкімдерге нақты міндеттер жүктеді.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлібек Плалов осы бағыттағы жұмыстарды баяндады. Сауран, Ордабасы, Шардара аудандарында бір-бірден және Мақтаарал мен Жетісайда кәсіпорыннан құру жоспарланған. «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-нің мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау көпсалалы нысанының құрылысы басталды. Жаңа қытай технологиясымен 1,2 мың гектарға мақта егілді. Технологияның тиімділігі – суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарына 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік берді.
2025 жылы облыс бойынша мақта дақылын 135 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Оның ішінде: дәстүрлі тәсілмен – 85 мың гектар, жаңа технологиямен 50 мың гектарға мақта егілмек.
Түркістан облысы, Отырар ауданында 2 мақта өңдеу зауытының капсуласы салынды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, бастамаға сәттілік тіледі. Инвесторлармен кездесіп, мақта-тоқыма кластерін дамыту жобасымен танысты. Аймақ басшысы инфрақұлыммен қамту жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізіп, мәселелер туындаған жағдайды дер кезінде хабардар етуді ескертті.
Отырар ауданында қолға алынған бұл жоба «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС бастамасымен және «Түркістан» ӘКК» АҚ бірлесе жүзеге асырылуда. Бірегей жоба заманауи су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жоғары стандартты шикізат базасын қалыптастыруды, соңғы үлгідегі мақта өңдеу зауыттарын, тамшылатып суару таспаларын шығаратын өндіріс орнын және басқа да инфрақұрылымдық нысандарды қамтиды. Мұнда әкімшілік ғимараты, шаруашылық базасы, сорғы станциялары салынуда. Жалпы инвестициялық құны – 80 млрд тенге.
Жоба арқылы қуаттылығы жылына 160 мың тонналық 4 заманауи мақта өңдеу зауытын іске қосу, 6 мың тонна мақта тұқымын шығаратын өндірістік желісін құру көзделген. Оның ішінде, биыл 2 зауыт іске қосылса, 2026 жылы тағы 2 зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Жоба толық жүзеге асқанда, жақын маңайдағы аудан, қалалардың 1500-ге жуық тұрғыны жұмыспен қамтылады.
Отырар ауданында өндірілген шикізат Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында бой көтеріп жатқан жіп иіру, тоқыма, мата өңдеу, бояу және дайын өнім шығару фабрикаларына жеткізіледі.
Су үнемдеу технологияларын қолданатын еліміздегі ірі масштабтағы алғашқы жоба өндірістік процесстің барлық кезеңдерін қамтиды. Үздік технологияларды қолдану есебінен су мөлшерін 3-4 есеге дейін үнемдеуге, жоғары өнімділік алуға мүмкіндік береді.
Жобаның экономикалық тиімділігі орасан. Мақта-тоқыма кластерін дамытуға ықпал етіп қана қоймай, өңір бюджетіне кіріс әкеліп, салық түсімдерін арттырмақ.