САПАЛЫ МЕКТЕПТЕ САПАЛЫ БІЛІМ БЕРІЛЕДІ

Түркістан облысында 50 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Бұған дейін де осы жоба арқылы өңірде жеті мектеп тапсырылған.
Жайлы мектептердің құрылысымен танысу үшін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, жауаптылармен жүздесті. Ұлттық жоба аясында Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша ауылында 600 орындық мектеп соғылуда. Нысанның құрылыс барысымен танысқан аймақ басшысы мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді. Отандық құрылыс материалдарын пайдаланып, өндірістік кестеден кешікпеуді міндеттеді.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмалары белгіленген мерзімде мүлтіксіз орындалуы тиіс. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ұяларының сапасы басты назарда. Кадр мәселесін іріктеуде де талаптар қатаң сақталуы тиіс. Басты мақсат – халықты заман талабына сай әлеуметтік нысандармен қамту. Сіздерден құрылысты сапалы жүргізіп, ел игілігіне мерзімінде тапсыруды ғана талап етеміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Білім ошағының құрылыс жұмыстары АО «Samruk-Kazyna Construction» тапсырысымен 2023 жылдың қыркүйек айында басталған. Жалпы ауданы – 3 гектар. Білім ұясын осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Ғимарат инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Нысан пайдалануға берілген соң, 55 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Бастама еліміздегі апаттық, үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Білім ордасы жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынды. Оқу ұясының жабдықталуы мен қауіпсіздік деңгейі заман талабына жауап береді. Мектеп физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан облысында салынып жатқан 29 білім ордаларының бірқатары аудандарда, ауылдарда да бой көтеруде. Заман талабына сай бірыңғай үлгідегі сондай мектеп Отырар ауданы, Шәуілдір ауылдық округінде де бой көтерді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданына іссапарында жайлы мектептің құрылысын бақылап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Әлеуметтік нысандардың құрылысы қатаң бақылауда. Ғимараттың, құрал-жабдықтар мен жиһаздардың сапасына қатысты мәселе туындамау керек. Білікті кадрлармен қамту жұмыстары да назарда болсын, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
600 орындық білім ордасының құрылысы «Samruk-kazyna Construction» АҚ тапсырысымен жүзеге асты. Жалпы алаңы 3 гектар жерде орналасқан нысан инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қабылдау-өткізу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 115 жұмыс орны құрылмақ.
Түркістан облысында білім, денсаулық сақтау нысандарын салу және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы пысықталып, алдағы міндеттер талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға өз міндеттерін сапалы атқаруды тапсырды.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздегі 1 300 мектепті жаңғыртудан өткізу туралы тапсырма берген болатын. Мектептерді жаңғырту жобасына облыстан 115 мектеп енгізілген. Тапсырмаға сәйкес 2025-2027 жылдары 115 мектептің ғимараттарын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарлануда. Биыл өңірдегі 41 мектепте ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы облыста бюджет есебінен 50 мектептің құрылысы басталып, 26-сы пайдалануға берілді. Қалған 24 мектептің құрылысын биыл бекітілген кестесіне сәйкес жүргізіп, тамыз айына дейін аяқтап, тапсыру керек. Одан бөлек, биыл тағы бірнеше мектеп салынады деп күтілуде. Әрбір құрылыс нысанындағы жұмыстар бақылауда болсын. Қадағалаңыздар. Уақтылы әрі талапқа сай тапсырылуы тиіс, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Түркістан облысы білім басқармасының орынбасары Жандос Нұрпейісовтың айтуынша, облыста жалпы 1082 орта білім беру мекемесінде 554 753 оқушы білім алуда. Өңірдегі мемлекеттік мектептің 791-і типтік, 124-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Бүгінде облыста бюджет есебінен 5800 орынды 24 мектеп құрылысына қажеттілік бар. Сондай-ақ 7200 орынды 17 мектептің құрылысын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасымен салу жоспарлануда. Жалпы, 2025-2027 жылдар аралығында 12000 орынды 41 мектептің құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Қазіргі таңда, реновацияған еніп, 2025 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 26 мектептің 3-еуіне «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен, 23-іне облыстық бюджет есебінен қаржы қаралған.
Облыстағы 1279 мемлекеттік білім нысанының 43-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған болса, 1 236-сы автономды жылыту қазандықтары арқылы жылытылады. Былтыр облыстағы 107 білім беру мекемесінің жылу жүйесі табиғи газға қосылған. Бұл жұмыстар білім саласынан үнемделген қаржысы есебінен жүргізілді. Осы жылы тағы 100 мектепте осындай жұмыстар жүргізіліп, оларға да үнемделген қаржы жұмсалады деп күтіліп отыр.
Кезекті баяндама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Кенжебаев өткен жылы өңірде 55 медицина нысаны пайдалануға берілгенін айтып, қазіргі таңда тозығы жеткен 58 нысанның қажеттілігі анықталып отырғанын жеткізді. Биыл аталған нысандарды зерделеп, маңыздылығына қарап, 25 нысанның мәселесін дайын ғимаратты сатып алу арқылы шешу жоспарлануда. Бірінші кезектегі жаңа құрылысты аса қатты қажет ететін нысандар тізімі қалыптастырылып, іске асырылады. Сонымен қатар биыл 4 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.