СПОРТТЫ ДАМЫТУДА ЖАҢАША БАҒЫТТА ЖҰМЫС ЖАСАУ КЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды аймақтардың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жоспарлы түрде нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде ауылды жерлердегі спорттық, денешынықтыру саласына қатысты нысандардың да құрылыстары мен жағдайларына үнемі көңіл бөлініп, назарда ұсталып келеді. Аймақта соңғы жылдары шалғай ауылдарда да балаларға және ересектерге арналған спорттық алаңшалар, спорттық кешендер, футбол алаңдары сияқты денешынықтыру мен денсаулықты нығайтуға арналған құрылыстардың қатары көбейіп отыр. Президент қазақстандықтардың денсаулығын нығайтып, балалардың шымыр да шыныққан болып өсуін қамтамасыз ету үшін бұқаралық спорт түрлерімен айналысуға барлық мүмкіндіктерді жасауды тапсырғаны белгілі. Таяу жылдарда қазақстандықтардың үштен бірі бұқаралық спортқа тартылуы қажеттігі де айтылған. Соған орай бұл салаға облыста көп көңіл бөлініп келеді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі құрылыс нысандарын тұрақты қадағалауды тапсырған болатын. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Көксәйек елді мекеніндегі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс барысын бақылады.
Аталған нысанның құрылысы үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінде мердігер мекеме «Корпорация Алем-құрылыс» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысанды жіті қадағалаған облыс әкімінің орынбасары атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары бойынша мердігер мекеме өкілдеріне сын-ескертпелер айтты. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапалы салынуын, жұрт игілігіне уақытылы тапсыруды міндеттеді. 2023 жылы құрылысы басталған спорт кешенінің қуаттылығы 250 көрерменге арналған. Нысанда кіші баскетбол, волейбол, күрес, тренажер залдары орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы 4267,99 шаршы метр. Аталған спорт кешенінің құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.
Біркөлік елді мекеніндегі «Бәйшешек» спорттық суықтыру кешеніне барған облыс әкімінің орынбасары спортшылар тынығатын орын, жаттығу залын аралап көріп, асхананың жағдайына назар аударды. Аталған ғимаратта анықталған кемшіліктерге тоқтала келе, облыстық спорт басқармасының мамандарына оларды ретке келтіруді тапсырып, саланы дамытуға байланысты ұсыныстар беруді ескертті.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары спортты дамыту мақсатында жаңаша бағытта жұмыс істеу керектігін жеткізді.
Аудандар мен шалғай елді мекендерден жас таланттарды іздеп, спортқа баулуды тапсырды. 1972 жылы негізі қаланған спорттық кешен бір мезгілде 250 баланы қабылдауға қауқарлы. Мұнда күрес, бокс, ауыр атлетика, футбол, волейбол сияқты түрлі спорт түрлерімен айналысуға арналған жабдықталған залдар бар. Дегенмен, ғимараттың жағдайы бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді.
Ал, Жетісай қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионында Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының Жетісай аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футболдан ашық біріншілігі өтті.
Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы аясында «Біз – нашақорлыққа қарсымыз» ұранымен 2014-2015 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткен турнирге көршілес аудан, қалалардан 10 команда қатысып, өзара мықтыларды анықтады.
Жарыс қорытындысы бойынша өзгелерден ептілігі мен ұйымшылдығын көрсеткен «Arman’s akademi» футбол мектебінің командасы жүлделі ІІІ орынды иеленсе, Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының Жетісай аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрамасы ІІ орынды еншіледі. Ал Кентау қаласының жасөспірімдер командасы І орынды иеленіп, жарыстың чемпионы атанды. Одан бөлек, үздік ойын өрнегін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген бірқатар ойыншы түрлі номинацияларға ие болды.
Жеңімпаз командалар мен номинацияларға ие болған жекелеген ойыншы Жетісай аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғабит Жанаевтың дипломдарымен, кубок-медальдарымен марапатталды. Осылайша балаларға арналған бұл жарыста жеткіншектер дің спортқа құштарлығын арттырумен қатар, олардың жаман да зиянды әдеттерден жиренуіне ықпал ететін шаралар ұйымдастырылды.