БАСПАНА ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІН АРТТЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРУ ЖАЛҒАСАДЫ

0
34

Елімізде әлеуметтік мәселелерді шешу басты назарға алынған. Соның ішінде әрбір баспанаға мұқтаж отбасын тұрғын үймен қамтуға ерекше мән беріліп отыр. Өйткені азаматтардың өмір сүру деңгейінің өсуі бірінші кезекте олардың баспанамен қамтамасыз етілуімен байланысты екені белгілі. Басында шаңырағы болмаса адамның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы ешқашан жақсармайды. Ал баспанасы бар адамның еңбекгі де жемісті, көңілі де көтеріңкі болумен қатар оның отбасының берекесі кіріп, ұрпағын көбейтуге, оларға жайлы жағдай жасауға да мүмкіндігі молаяды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл елімізде 19 миллион шаршы метр тұрғын үй салыну жоспарланған. Осы ретте Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен жиын өтті. Оған тұрғын үй саласына жауапты басшылар, бейне-селекторлық байланыс арқылы аудан, қала әкімдері қатысты. Мәжілісте өңір халқын тұрғын үймен қамту, ипотека бойынша бастапқы жарнаны жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын беру, әлеуметтік осал топтары санатындағы мұқтаж азаматтарды пәтермен қамту, тұрғын үй мәселелерін шешу, оның ішінде жалдау ақысын субсидиялау тетіктерін енгізу, заңдағы жаңа өзгерістерді жүзеге асу барысы қаралып, қазіргі жай-күйі талқыланды.
– Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Жаңа заңға сәйкес, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет. Президент тұрғын үй салуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы бағытта жоба әзірлеңіздер, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Өткен жылы 1 174 отбасы коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ал биыл жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 578 арендалық пәтер және 2 078 ипотекалық пәтер беру жоспарлануда. Жалпы Түркістан облысы құрылғалы, яғни 2018-2024 жылдар аралығында кезекте тұрған 7 567 отбасы коммуналдық тұрғын үймен қамтылған. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысын белсенді жүргізу және инвесторлар тарту керектігі айтылды. Жиналыста көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, орындалу барысы басшылық назарында болады. Мемлекет тарапынан жалдау ақысын субсидиялау және жеңілдетілген ипотекалық несиелер беру бойынша қолдау көрсету жалғасады.
Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Президент «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» Заңға қол қойды. Жаңа Заңға сәйкес, осы жылдың 24 мамырынан бастап санатына қарамастан, соңғы 5 жылда атында тұрғын үйі жоқ азаматтар тұрғын үй кезегіне тұру мүмкіндігіне ие бола алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған бағдарламалар үлкен қолдауға ие болып келеді. Мемлекет тарапынан ұсынылатын тұрғын үй сертификаттары да маңызды рөл атқарады. Осы ретте тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту және баспана қолжетімділігін арттыруға басымдық берілуде.
– Тұрғын үймен қамту өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы, яғни 2018-2024 жылдар аралығында 14 161 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде, коммуналдық тұрғын үймен 7 567 отбасы, ал «7-20-25» және «Отбасы банк» бағдарламалары арқылы 6 594 отбасы ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осы жерде динамикаға қарайтын болсақ жылына шамамен коммуналдық тұрғын үй қорынан және түрлі ипотекалық бағдарламалар арқылы 2 200-ге жуық пәтер табысталуда. Өткен жылдың өзінде 1 174 коммуналдық тұрғын үймен және 977 ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Одан бөлек, мемлекеттік қолдау арқылы азаматтар ипотекалық баспана алу мүмкіндігін жеңілдетіп, алғашқы жарнаны төлеу мәселесін де тиімді шешуге мүмкіндік алады. Тұрғын үй сертификаттары — бұл мемлекет тарапынан берілетін қаржылай көмек. Жергілікті өкілді органдар (мәслихаттар) осы сертификаттардың мөлшерін және оларды алу шарттарын анықтайды. Осылайша, әр өңірдің тұрғындары өз жергілікті бюджетіне сәйкес тұрғын үй сертификаттарын ала алады.
Тұрғын үй кезегінің айқын болуы үшін тұрақты түрде түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 2023 жылы 3 818 азамат, ал 2024 жылы 4 599 азамат тұрғын үй кезегінен белгілі бір сәйкессіздіктердің анықталуымен шығарылған. Тұрғын үй кезегі толық электронды форматта жүргізіледі. Сондай-ақ азаматтар үй кезегін «кезекте.кз» порталы арқылы кез келген уақытта көре алады.
Мониторинг жұмыстарының барысында көптеген кемшіліктер мен олқылықтар орын алған. Атап айтқанда, субсидия алып жатқан 5 мыңнан астам отбасыдан кемшіліктер анықталып, келісімшарттары қайта қалпына келтіру мүмкіндігінсіз тоқтатылды.
Айта кетейік, тұрғын үй кезегі заңға сәйкес жүргізіледі. Азаматтар өз кезегінен тыс пәтер алмайды немесе өзге адамның орнына өтініш бере алмайды. Заң талаптарына сәйкес, әр азамат өз кезегін күтіп, әділ негізде пәтер алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл шаралар тұрғындардың сенімін арттырып, кезектің әділ түрде өтуін қамтамасыз етеді.