ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқын қосу үшін Қазақстанның барлық мүмкіншіліктерін пайдалана білуді тапсырған болатын. Соның ішінде туризм саласын дамытудың маңызы да ерекше. Президент бір сөзінде «Бүгінде әлемнің көптеген мемлекеттерінде туризмнің көптеген салаларын дамыту арқылы мемлекеттерінің қазынасына орасан көлемде қаржы құйып, елдерінің дамуын қамтамасыз етіп отырғанда аз емес. Қазақстанның барлық аймақтары туризм саласының әр түрлерін дамытуға ыңғайлы, бірнеше салаларын қатар дамытуға да мүмкіншілігі мол өңірлер аз емес. Сондықтан әр аймақтың басшылары өз өңірлерінде туризмнің қандай салаларын дамытуға, саяхатшылар мен ішкі және сыртқы туристерді тартуға барлық жағдайларды жасап туризм салаларын дамытуды қолға алулары керек. Сол арқылы өңірдің ғана емес бүлкі еліміздің қазынасын толықтыруға үлес қосуға болады», деген еді.
Түркістан облысында туризмнің көптеген түрлерін кеңінен дамытуға мүмкіндіктер мол. Сондықтан да, облыста туризм саласына басымдық беріліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын аймаққа келетін туристер саны да артып келеді. Өткен жылдың 9 айында орналастыру орындарында 235 мыңнан аса адамға қызмет көрсетілген. Бір күндік келушілер саны 900 мыңға жуықтаса, туризм бойынша 5,3 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров туризм саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Туризм саласын дамыту бойынша нақты жоспар әзірлеңіздер. Осы салаға қатысты индикаторлар толық орындалуы керек. Жұмысты жүйелеңіздер. Спорт, мәдениет басқармаларымен бірлесіп, жұртшылықты қызықтыратын іс-шаралар тізбегін әзірлеңіздер. Туристік инфрақұрылымды жақсарту, жол бойындағы сервистік қызмет сапасын көтеру, оқиғалы іс-шаралар бойынша нақты жұмыс істеңіздер. Түркістан облысына келген саяхатшы өзіне не ұсынылатынын, қайда баруға болатынын білуі тиіс. Ол үшін арнайы турпакеттер әзірленіп, ақпараттық жұмыстар жандануы қажет, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.
Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Оның айтуынша, «e-qonaq» жүйесі арқылы есеп жүргізіліп, өткен жылы өңірге 21 мыңнан астам шетелдік турист келген. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі көршілес елдерден келсе, АҚШ, Германия, Франция елдерінен де саяхатшылар бар. 2025 жылы 27 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, мыңнан аса жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жалпы 26,3 млрд теңге инвестиция тартылады деп жоспарланған.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ескек есу каналының құрылыс барысын талқылау, оның жан-жағын туристік орталыққа айналдыру бағытындағы жобалар бойынша мамандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Италиялық сәулетші Доменико Ротоло туризмді дамытуға бағытталған жоспарлары мен жобаларын баяндап, өз тұжырымдамасын таныстырды. Ол отбасымен демалатын және туристерді тартатын аквопарк желісінің, жағажайлар мен қонақүйлердің тұжырымдамасын ұсынды. Сонымен бірге саябақтар, веложолдар салу және өзге де ұсыныстарын жеткізді. Ескек есу каналының халықаралық деңгейдегі сайыстарды қабылдайтынына сенім білдірді. Сонымен бірге мәжіліске бейнебайланыс арқылы қатысқан түркиялық сәулетшілер де өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Тек жаз емес, жылдың 4 мезгілінде де халық пен туристерге қызмет көрсететін орталық салу туралы пікірін білдірді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға жобаларды жан-жақты зерделеп, инвесторлармен келіссөз жүргізуді тапсырды. Түркістанды туризм орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.