ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРҒЫДА ТИІМДІ ІРІ ЖОБАЛАР ҚАЖЕТ

0
40

Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім байқалады. Өткен жылы облыс орталығының жалпы өңірлік өнім көлемі 421,7 млрд теңгені құраған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды, жаңа жобаларды қолға алуды тапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен дайындалған «Түркістан қаласының Ерекше мәртебесі» туралы Заң жобасы жуырда Парламент Мәжілісінде мақұлданды. Бұл заң киелі Түркістан қаласының одан әрі дамуына оң ықпал етпек. Жұмысты күшейтіңіздер. Тиімді жобаларды қолға алған жөн, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан қаласында өндіріс орындарының саны артып келеді. Бүгінде қаладағы 180 гектар аумақта Арнайы экономикалық аймақ орналасқан. Одан бөлек, 190 гектар жерде Индустриалды аймақ іске қосылған. Бұл аймақта 10,5 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытта 19 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында бетон бұйымдарын жасау, есіктер шығару, битум өндіру, жұмсақ жиһаздарды жасау, әк өндіру сияқты жобалар бар.
Облыс орталығында халықты жұмыспен қамту шаралары да қарқынды жүзеге асырылып келеді. 2024 жылы 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жоспар 116,2 пайызға орындалған.
Тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасады. Өткен жылы 961 пәтер пайдалануға берілсе, биыл 944 пәтерді ел игілігіне беру жоспарланып отыр.
Түркістан қаласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Түркістан облысында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Түркістандағы халықаралық әуежайды дамыту мәселелері талқыланды. Өңір басшысы жауапы басқарма басшысы мен әуежай басшылығына жаңа рейтер ашу, әуежайдың әлеуетін көтеру жөнінде тапсырмалар берді.
– Түркістанның халықаралық әуежайын дамыту жолдарын толық зерделеп, тиісті жұмыс жүргізіңіздер. Инвесторларды да жан-жақты зерттеп, тиімді әріптестік орнатқан жөн. Облыстың туризмін, көлік саласын және әуежайды дамытатын келісімдерге ғана қолдау көрсетеміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев авиация саласын дамыту жолдары мен өзекті мәселелері туралы ой қозғады. Бүгінде бірнеше әуе компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Ішкі және халықаралық рейстердің санын көбейту көзделіп отыр.
Айта кетейік, ішкі туризмді дамыту мақсатында Қостанай –Түркістан және Қарағанды – Түркістан бағыттары бойынша Түркістанға субсидияланатын әуе рейстері ашылады. QAZAQ AIR әуе компаниясы әуе сапарларының қолжетімділігін арттыру және ішкі туризмді дамыту мақсатында 4 қаңтардан бастап Қостанай – Түркістан бағыты бойынша рейсті іске қосты. 13 қаңтардан бастап Қарағанды – Түркістан бағыты бойынша да әуе рейсі ашылмақ. Сондай-ақ 13 қаңтардан бастап Астанадан Түркістанға әуе сапарларын бастау жоспарланған.
Түркістан қаласында жаңа ғимараттар мен нысандар бой көтереді. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер, білім нысандары, бизнес орталықтары мен демалыс аймақтарының құрылысын жүргізу жоспарланған. Әр ғимарат сәулетшілердің мақұлдауынан кейін ғана салынуы тиіс. Бұл мәселені Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың бақылауында. Сәулеттік жобалар талқыланған мәжілісте 14 жаңа жаңа жоба таныстырылып, сәулетшілер мен жауапты басшылардың сараптауынан өтті.
Сәулеттік кеңеске жауапты басқарма басшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар және сәулет, құрылыс саласының өкілдері қатысты. Өңір басшысы әрбір жобаны терең зерделегеннен кейін ғана кеңес отырысына ұсыну керектігін айтты. Сондай-ақ құрылыс сапасын басты назарда ұстауды ескертті.
– Түркістан қаласында жаңа нысандардың салынуы жалғасады. Шаһарды туризмнің тартылыс нүктесіне айналдыруға мүмкіндік бар. Жаңа нысандар салу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бастамаларын қолдаймыз. Басталған іс аяқталуы тиіс. Ғимараттардың сәулетіне қатысты талаптар толық сақталуы тиіс. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына мән беру керек. Бізге әлеуметтік тұрғыда тиімді, елге қызмет ететін ірі жобалар қажет, – деді облыс әкімі.
Мәжілісте қаланың Мәдени-рухани орталығында құрылысы жүргізіліп жатқан жобалардың жұмыс барысы баяндалды. Құрылыс нысандарының сапасы мен сәулеті тұрақты бақылауда болады.