БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНДА КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАУДАН ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Қазақстан Республикасында ана мен баланы қорғау саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Отанды анаға теңейтініміздей Ана мемлекеттің негізі – отбасының сақтаушысы болса, бала –мемлекеттің жарқын болашағының кепілі болып табылады.Сол себепті де Мемлекет басшысы әр Жолдауында Ана мен баланы қорғау мен қолдау, оларға қамқорлық жасау бойынша көптеген ұсыныстарын жасап, олардың мемлекеттік негізде жүзеге асырылуын тапсырып келеді.
Қазақстандықтардың денсаулығын сақтау, оның ішінде ана мен баланың денсаулығын қорғау бағытында еліміз бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Аналарды жүктілігі басталысымен ал балаларды туылып дүниеге келісімен мемлекет қамқорлығына алып, денсаулықтарын қадағалап отырады. Өйткені, дені сау ұрпақ пен денсаулығы мықты ана мемлекеттің демографиялық жағдайын жақсартып, болашағын жарқын етеді.
Қазақстанның барлық аймақтарында балаларға арналған денсаулық сақтау, жоғары сапалы медициналық қызметтер көрсету орталықтары жұмыс жасайды.
Республика бойынша тұрғындарының саны ең көп аймақтардың бірі ретінде Түркістан облысында да аналар мен балаларға арналған денсаулық сақтау мекемелері, қолдау білдіретін түрлі орталықтар, басқа да көптеген мекемелер мен қоғамдық ұйымдар ана мен баланы қорғап, қолдап отырады.
Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері жас жеткіншектердің денсаулығын сақтап, түрлі аурулардан сапалы түрде жаңа технологияларды, медициналық техникаларды пайдалана отырып емдеп шығару бағытында үнемі ізденіс жасап келеді. Ғылым мен технологиялық жетістіктерді оқып-үйренумен қатар, әлем бойынша балалар медицинасындағы жетістіктерді меңгеру үшін тәжірибе алмасу бойынша да жұмыстар жүргізіліп келеді.
Таяуда Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері бет-жақ хирургиясы бойынша күрделі ота жасауда тәжірибе алмасты.
Оталар Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау Министрлігінің бас штаттан тыс балалар жақ-бет хирургі Ся-Тун-Чин Руслан Владимирович және ауруханадағы хирург дәрігерлерінің қатысуымен өтті. Аурухана базасында жоғары хирургтің қатысуымен үш балаға бет-жақ хирургиясы бойынша туа біткен ақауларына ота жасалды.
Дәрігерлердің сөзінше, күрделі операциялар сәтті өткен. Бет-жақ хирургия емі жасалған балалар отадан кейін медициналық ұйымда дәрігерлердің бақылауында болады.
Айта кетейік, облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері күрделі бет-жақ сүйектері қабынған аурулар мен жарақаттары бар науқастарға көмек көрсетіп келеді. Жылына орталықта мұндай 560 ота жасалады.
Сол сияқты облыстық перинаталдық орталықта да мемлекеттің баланы қорғау саясатын іске асыру бойынша атқарылып жатқан игі жұмыстар аз емес. Түркістан облыстық №1 перинаталды орталығында 2024 жылдың 30 тамызында 26 апталық кезеңде нәресте дүниеге келді. Салмағы – 785 грамм, бойы 32 сантиметр болып туылған сәбидін жағдайы өте ауыр болған.
Дәрігерлердің айтуынша, сәбиге алғашқы реанимациялық көмек көрсетіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Ағзаларының толық дамымауына байланысты нәресте жансақтау бөлімінде толық емін алып шықты.
«Туылғаннан кейін нәресте СРАР аппаратында тұрақтандырылды. 2 сағаттан кейін нәрестелердің қарқынды емдеу бөліміне ауыстырылды. Сәби ҚР ДСМ хаттамасына сәйкес ем қабылдап, бір айдан кейін салмағы 1100 граммға толып, нәрестелердің жоғары тәуелді бөліміне ауыстырылды. Екі айдан кейін өздігінен тыныс алды. Ары қарай нәрестеге толық күтім жасалып, 4 ай 23 тәулігінде 4500 грамм салмақпен перзентханадан шығарылды», – дейді №1 облыстық перинаталды орталығының дәрігері Анель Тасполатқызы.
Қазіргі таңда ана мен баланың өміріне төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ. Бала өздігінен дем алуда. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері ана мен сәбидің жағдайын әрдайым бақылауда ұстап, денсаулығын қадалағап отыратын болады.