ОБЛЫС ОҚУШЫЛАРЫ «ЕҢ ҮЗДІК ОЛИМПИАДАЛЫҚ КОМАНДА — 2024» АТАНДЫ

0
46

Жаңа Қазақстанды құрып, өркендететін жас ұрпақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай жан-жақты дамыған, интелектуал, отаншыл, білікті де білімді болуы тиіс. Ол үшін мектеп қабырғасынан бастап балалардың ілім-білімге, робототехника мен электроникаға қызығушылығын қалыптастыру қажет. Түркістан облысынның білім беру салаларында оқушыларды төменгі сыныптардан бастап оқу-білім, ғылыми ізденіс, жаңашылдыққа үйретіп тәрбиелеу, пәндік олимпиадаларға тарту дәстүрге айналған. Сондықтан да, түркістандық оқушылароблыстық, республикалық, халықаралық пәндік олимпиадаларда жеңістерге жетіп аймақ қана емес ел абыройын асқақтатып жүр. Облыс оқушылары жаңа жылдың алғашқы айының екінші онкүндігінде өткен Халықаралық Жәутіков олимпиадасын бағындырды. Оқушыларға арналған математика, физика және информатика бойынша ХХІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасында Түркістан білім-инновациясы лицейінің оқушысы Байқожаев Балғын алтын медалді иеленді. Бұл Балғынның Халықаралық білім аренасындағы алғашқы жеңісі емес. Ол 2023-2024 жылы Халықаралық АТМО Олимпиадасында жүлделі үшінші орынды алған. Халықаралық Иран Олимпиадасында да жүлделі орынды алған. Басқа республикалық, облыстық олимиадаларда жүлдегер атанды.
Жәутіков олимпиадасына әлемнің 15 елінен 700-ге оқушы мен 150-ге жуық жетекші қатысқан. Қатысушы елдер қатарында: Армения, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Румыния, Ресей, Сербия, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Қазақстанның оқушылары бар. Командалардың құрамы ұлттық пәндік олимпиадалардың нәтижелері бойынша анықталды.
Жалпы Түркістан облысының оқушылары 2024-2025 оқу жылында республика деңгейіндегі олимпиадаларда 500-ге жуық оқушы білімдерін сынады. Мысалы, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Қ.О.Бітібаева атындағы олимпиадада 9 оқушы бақ сынап, төртеуі жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ, “Жарқын болашақ” республикалық қазақ тілі олимпиадасында 9 оқушы қатысып, 8 оқушы жеңімпаз атанды. Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалары конкурсында 6 оқушының төртеуі жоғары дәреже көрсетті. Бұл көрсеткіштердің бір парасы ғана. Осы сынды түркістандық оқушылар биік белестерден көрінген 20-дан астам республикалық, халықаралық олимпиадалар бар.
Солардың бірі таяуда ғана Астанада ауыл мектептерінің оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша өткен республикалық олимпиаданың қорытындысы шығарылды. Олимпиаданың соңғы кезеңіне облысымыздан 41 оқушы қатысып, оның ішінде 23 оқушы жеңімпаз атанды.
Түркістан облысының қоржыны 7 алтын, 4 күміс, 12 қола медальмен толықты. Бұл балалар – өңіріміздің ең шалғай аймақтарынан келген дарынды жастар. Жалпы есепте республикалық олимпиадада Түркістан облысының оқушыларына “Ең үздік олимпиадалық команда — 2024” атағы берілді.
Облыстың барлық өңірлерінде оқушылардың техникалық, электрондық бағыттағы құмартушылықтары, әсіресе, робототехникамен айналысуға деген талпыныстары өсіп келеді.
Солардың қатарында Кентау қаласында да роботехникаға қызығушылығы артқан балалардың саны артуда. Одан бөлек, түрлі жарыстарға барып жоғары көрсеткіштерге ие болуда. Соның бірі FIRST CHAMPIONSHIP жарысының FIRST LEGO LEAGUE CHALLENGE санаты бойынша Кентау қаласының RoboKent командасы чемпион атанып, Азия жарысына жолдама ұтып алды.
Ол жарысқа Азияның көптеген елдерінің және Қазақстан командаларынан іріктелген 120 команда қатысуға әзірленуде. Жеңіске жеткен жалғыз команда Америка мемлекетінің Хьюстон қаласында болатын Әлем чемпионатына жолдамаға ие болмақ.

RoboKent командасының мүшелері: Ердешов Нурислам — 7 сынып 14-ші мектеп, Әбдіхалық Дулат 5 сынып 14-ші мектеп, Абдугаппаров Дамир 5 сынып 14-ші мектеп, Джаксылыков Хакназар 5 сынып 22-ші мектеп, Валилила Яшнарбек 5 сынып 22-ші мектеп, Искандаров Ибрахим 5 сынып 24-ші мектеп оқушылары болып табылады.
Бұл оқушыларды жарыстарға баптап, дайындайтын команданың жаттықтырушылары Алмас Ташимов пен Ешмұрат Бекмұрат.