ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНЫП, ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты тетігі қуатты өңірлер екенін, елдің аймақтарында нақты жұмыстар жасалынып, жергілікті атқарушы билік жаңаша жұмыс жүргізе білсе мемлекеттің дамуы қарқынды боларын атап айтып келеді. Биылғы жылға арнаған халыққа жолдауында да ел экономикасын, азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталған ұсыныстары мен бағдарламаларын айта келіп жергілікті әкімдердің алдына маңызды міндеттер жүктеп, тапсырмалар берген болатын.
Түркістан облысының басшылығы Президент жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыруды аймақ бойынша ұйымдастырып, өз бақылауларында ұстап қала, аудан әкімдерінің жұмысының нәтижелі болуын қадағалауда.
Қазығұрт ауданы әкімдігі ғимаратында аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы мен қызметкерлері, Қазығұрт ауданының бас дәрігері, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының орынбасары, ауыл округі әкімдері, бөлім басшылары мен тиісті мекеме басшылары қатысты.
Аталған жиынның күн тәртібінде өзекті 3 мәселе көтерілді:
1. Қазығұрт ауданы аумағында қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақсыздығына алып келетін оқиғалар бойынша ақпараттарды дер кезінде хабарлап, ұсыну туралы.
2. Су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы.
3. “2024-2025 жылдардағы” жылыту маусымының ауданда өткізілу барысы туралы.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша тиісті бөлім, мекеме басшылары баяндама жасады. Баяндамашыларға және көтерілген мәселеге жауапты мамандарға сұрақтар қойылып, жауап берілді.
Мәжіліс барысында көтерілген мәселе жан-жақты талқыланып, Азизхан Азимханұлы өзінің нақты ұсыныстарын айтып, тапсырмаларын берді.
Көтерілген тақырыптардың өзекті екенін ескертіп, бұл бағыттарда жіберілген кемшіліктерді айтып өтті. Сондай-ақ, жіберілген кемшіліктерді тез арада түзеуге, алдағы уақытта бұл бағыттағы істердің тиянақты атқарылуын тапсырды. Сонымен қатар, мәжіліске қатысушы барша қызметкерлерге ел үшін жасап жатқан қызмет ортақ міндет екенін ескертіп, осы бағытта бірге жұмыс жасауға шақырды. Олай болмаған жағдайда тиісті қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.
Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов сондай-ақ 102 жасқа толған Тұрбат ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Жұмабаев Әкімбай ақсақалды арнайы туған күнімен құттықтады. Ғасырдан аса ғұмыр кешкен қарияның шаңырағына барған аудан әкімі өзінің ақ тілектерімен қоса арнайы сый-сияпаты мен адресатын табыстады. Сондай-ақ, осы қуанышты Әкімбай ақсақалдың отбасымен бөлісіп, отбасына бақ-береке тіледі.
Ал, қоғам белсендісі, ақын Біржан Қалдыбаев қарияға арнайы жыр шумақтарын арнап, қазақтың киелі домбырасымен сыр шертті. 102 жасқа толып отырған қария өз ризашылығын білдіріп, аудан әкіміне алғысын айтты. Өзінің батасын беріп, елдің амандығын тіледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидатына сәйкес Қазығұрт ауданы әкімі Азизхан Исмаиловтың аудан тұрғындарын жеке қабылдауы бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Таяуда аудан әкімі тиісті бөлім және мекеме басшыларымен тұрғындарды кезекті рет жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады.
Қабылдауға Қазығұрт ауданы Жаңабазар, Қ.Әбдалиев және Шанақ ауыл округтерінің тұрғындары келді. Олардың басым бөлігі ауыз су, жол салу, өткелдерді күрделі жөндеуден өткізу, ескірген ағаш бағаналарын ауыстыру және көшені жарықтарын орнату, жайылым жер мен үйіргелік жер телімі мәселелерін қозғап, өтініш-тілек, ұсыныстарын айтты.
Аудан әкімі Азизхан Азимханұлы көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтып, заңдылығын түсіндірді. Жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріп, орындалу барысын бақылауға алатын болды.