ЖЕТКІНШЕКТЕР ЖАҢА ЖЫЛДА ЖАРЫСТАРДЫ ЖЕҢІСПЕН БАСТАДЫ

0
54

ҚР Президенті мемлекеттің болашағы жарқын болуы үшін барлық қазақстандықтар, оның ішінде жеткіншектер де бұқаралық спорт түрлеріне тартылып, дене шынықтырумен жүйелі айналысып, денсаулығы мықты азаматтар болып қалыптасуының маңызды екенін айтқан болатын. Ол таяу жылдарда қазақстандықтардың үштен бірі дене шынықтырумен, бұқаралық спорт түрлерімен ұдайы айналысып, күнделікті дағдыларына айналдыруына қол жеткізу бойынша тапсырма да берген болатын. Сол тапсырманы іске асыру үшін Түркістан облысында тұрғындардың, оның ішінде балалардың да бұқаралық спортқа деген ынтасын қалыптастыру үшін көптеген жұмыстар жүргізілуде. Облыстық, қалалық, аудандық деңгейлерде түрлі турнирлер, біріншіліктер мен жарыстар тұрақты ұйымдастырылып, чемпионаттар өткізіліп тұрады.
Биылғы жылдың қаңтарының алғашқы онкүндігінде Келес ауданы, Қошқар ата ауылдық округі, Бесқұбыр елді мекенінде бокстан 2011-2012 жылы туылған жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты өтті. Облыс чемпионатына 200-ге жуық былғары қолғап шеберлері қатысып, 16 салмақ дәрежелері бойынша бақ сынасты.
Осы дүбірлі жарыста Сайрам ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Ақсу Жекпе-жек спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шәкірттері жүлделі орындарды олжалады.
Атап айтқанда: II орын — 46 келі салмақ дәрежесінде Илият Райымбек, II орын — +70 келі салмақ дәрежесінде Алтынбек Айтулы, lll орын — 37 келі салмақ дәрежесінде Елемес Азамат алды.
Жасөспірім боксшылардың бұл жарыс жолындағы жетістіктерінде жаттықтырушылары Еркін Оразалиевтің, Куат Примбетовтің, Бауыржан Баратовтың, Нұркен Сыдықовтың тынымсыз еңбегі тұр.
Ал, Шымкент қаласында «VOLLEYBALL KIDS» волейбол мектебінің ұйымдастыруымен, волейболдан 2007-2008, 2009-2010 жылдары туылған жасөспірім ұлдар және қыздар арасында «WINTER CUP» республикалық турнирі өтті. Дүбірлі жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 14 команда қатысып, бақтарын сынады.
Бәсеке барысында «Ақсу Жекпе-жек спорт клубының» шәкірттерінен құралған «Сайрам» командасы 2025 жылдың алғашқы ірі республикалық турнирінде өңіріміздің намысын қорғады.
Үш күнге жалғасқан турнир қызықты әрі тартысты өтті. Әрбір команда жарысқа ерекше жауапкершілікпен әрі үлкен дайындықпен келген.
«Ақсу жекпе-жек спорт клубының» шәкірттері алғашқы күннен көш бастады. Ал екінші күні турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алып, чемпиондық атаққа жақындады. Үшінші күні олар өздерін толық көрсете білді. Ақтық бәсекеде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, республикалық турнирдің чемпионы атанды.
Сондай-ақ жарыста Азаджан Юлдашбеков «Үздік ойыншы», ал Шукурулла Убайдуллаев «Турнирдің ең бағалы ойыншысы» номинацияларымен марапатталды.
Жасөспірім спортшыларымызды жарыс жолында жеңіске жетелеуде жаттықтырушылары Кабулжон Эгамбердиев, Нематжон Насиридинов, Илхам Файзуллоевтардың еңбектері ерекше.
Сол сияқты Сауран ауданында да бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттап, адамдардың жаппай бұқаралық спортпен шұғылдануына қол жеткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жас ұрпақтың шымыр да шыныққан, денсаулығы мықты азамат болып өсуіне барлық мүмкіндіктер жасалынып, түрлі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Таяуда жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортпен жүйелі айналысуға ынталандыру мақсатында Сауран ауданы мәслихатының депутаты Ержан Мустапаевтың қолдауымен Жүйнек ауылында облыстық кіші футбол турнирі өткізілді.
Турнирге Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданынан 10 команда қатысты. Жарыс барысында жастар өздерінің футбол шеберліктерін көрсетіп, тартысты ойындар көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаз командаларға арнайы кубоктар, медальдар мен грамоталар табысталды. Сауран аудандық мәслихатының депутаты Ержан Мустапаев пен Жүйнек ауылдық округінің әкімі Төребай Абдікәрімов жеңімпаздарды марапаттады.
Бұл шара жастардың денсаулығы мен спортқа деген қызығушылығын арттырып, өңірдегі футбол мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосуда. Болашақта мұндай турнирлерді дәстүрге айналдыру жоспарда бар.